Баланың анасы Ақмарал Жолдасбекованың айтуынша, оқиға болған кезде ол базарда болған.
ERNUR.KZ. Түркияның Алания қаласында қазақстандық 11 жасар Айсұлтан Бердібаевқа ит шабуыл жасап, талап тастаған, деп жазады stan.kz.
Facebook қолданушысы Ирина Плишактың айтуынша, 11 жасар Айсұлтан Бердібаев үйлердің бірінің ауласында байланып тұрған итке тас лақтырған. Ит босап, балаға шабуыл жасаған. Үй жануары баланың бетінен, аяғы мен қолынан тістеп алған. Иттің қожайыны оны баладан әрең дегенде ажыратқан.
“Оқиға 6 тамыз күні сағат 18:30 шамасында Махмутлар ауданындағы Сарыхасанлы көшесінде болған. Айсұлтан Бердібаев өзі тұратын тұрғын үй кешеніне қарама-қарсы аулада байланған қаңғал тұқымды итке тас лақтырған. Үй жануары шынжырын үзіп, балаға қарай жүгірген. Жүгіріп келе жатқан итті байқаған бала қашып кетпек болған. Дегенмен аяғы шалынып, ит оған шабуыл жасап, тістей бастаған”, – дейді ол.
Facebook қолданушысының сөзінше, ит иесі Онур Алаоғлы балаға көмекке жетіп, итті әрең тартып алған.
“Бердібаевты анасы ауруханаға жеткізіп, аяғын, қолын және бетін тістегенін білген. Жара орны тігілгеннен кейін бала ауруханадан шығарылды. Отбасы Алания аудандық әкімшілігі мен аудандық жандармерия қолбасшылығына арызданған”, – дейді Facebook қолданушысы.
"Тасты қорыққан соң лақтырдым"
Зардап шегуші Айсұлтан Бердібаев болған оқиғаны баяндап берді.
"Достарыммен бірге жүргенмін. Бір уақытта ит маған үрді, қатты қорықтым. Сосын жерден тас алып, лақтырдым. Сосын ол маған қарай жүгіріп, тістеп алды", – деді бала.
Баланың анасы Ақмарал Жолдасбекованың айтуынша, оқиға болған кезде ол базарда болған.
"Мен базарда болдым, балам үйде қалған. Ол көшеде достарымен ойнағысы келген еді. Бұл ит өткен кеткен адамдардың бәріне үреді. Ұлым қорыққанынан тас лақтырған. Ит шынжырды үзіп, баламды тістеп алды. Ұлымның мойнынан тістеп алмақшы болды, бірақ иттің иесі жүгіріп келіп, ұстап үлгерген. Көршім хабарласып, баламды иті тістеп алғанын хабарлады. Келсем балам қанға боялып отрыр екен. Бетін тістеген, аяғындағы жаралар өте ауыр болған. Досымның көлігімен ауруханаға бардық. Қазір балам қорқып, түнімен ұйықтай алмайды. Шошып оянып, "мама" деп айқайлайды. Психикалық жағдайы нашарлап кетті, тамақ ішпейді. Жалғыз дәретханаға барудан қорқады”, – деді баланың анасы.
Сондай-ақ ол Қазақстанда итке тас лақтырсаң қашатынын, баласының солай ойлап, тас лақтырғанын айтты.
"Бірнеше рет итке тас лақтырмауды ескерттік"
Қаңғал тұқымды иттің иесі Онур Алаоғлы итін тас арандатқанын айтып, болған оқиғаға өкінетінін жеткізді. Оның айтуынша, иттің барлық екпелері мен құжаттары бар. Сондай-ақ ол балаларға итке тас лақтырмауды бірнеше рет ескерткенін атап өтті.
"Балалар итке талай рет тас лақтырған. Біз оларға бірнеше рет ескерттік, бірақ олар сонда да қоймай жалғастырды. Сол күні мен жұмыстан ерте оралдым. Иттің шабуыл жасап жатқанын көрдім. Араша түсіп, иттің мойнынан ұстап, көлікке отырғыздым. Сосын баланы ауруханаға апарып, жарақат алған жерін тіктірдік. Қолымыздан келгенше көмектестік. Бізде балалардың итке тас лақтырғаны, біздің араша түсіп, олай жасамауын сұрағанымыз түсірілген видеолар бар. Сол күні үйде болмасам, бала өліп қалуы мүмкін еді. Біз қолдан келгеннің бәрін жасадық. Ит қайта шабуыл жасамас үшін оны байлап қойдым. Әйелім де балаларға итке тас лақтырмаңдар деп бірнеше рет ескерткен”, – деді ол.