Президенттің тапсырмасына сәйкес, ведомствоаралық комиссия бизнес субъектілері үшін карантиндік шектеулерді барынша азайтты.
ERNUR.KZ. Қазақстанда "омикрон" штамының таралуына қарамастан, бизнес үшін карантин жеңілдетіліп жатыр. Денсаулық министрі Ажар Ғиният пандемияның бүкіл кезеңінде отандық бизнеске мұндай ауқымды жеңілдік жасалмағанын мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
"Елімізде пандемияның бүкіл кезеңінде бизнестің барлық саласында карантиндік шаралардың мұндай кең ауқымды жеңілдіктері болған жоқ. Бұл белгіленген қауіпсіз жұмыс алгоритмдерін орындау жолында бизнестің ерекше жауапкершілігі мен адалдығына сенім артады", - деді Ғиният үкімет отырысында.
Министр егер денсаулық сақтау саласына жүктеме артып, өлім-жітім артса, қосымша шектеу шаралары енгізілетінін ескертті.
Бизнеске қандай жеңілдіктер жасалды
Бизнес объектілерінде "Ashyq" жобасын одан әрі енгізу жалғасады.
"Жасыл" және "көк" статусы бар келушілерді кіргізетін барлық аймақта, барлық нысанда жұмыс уақыты бойынша шектеу алынып тасталды.
Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан, "Ashyq"-та тек "жасыл" мәртебесін пайдалану кезінде салтанатты, еске алу, спорт іс-шаралары, көрмелер, форумдар еш шектеусіз өткізіледі. Спорт кешендері, сауықтыру және діни объектілер, ойын-сауық нысандары, сауда-ойын сауық орталықтары мен сауда желілерінің қызметіне шектеу қойылмайды.
Эпидемиологиялық қауіп аймағына қарамастан "көк" мәртебесі бар болған кезде отельдерге, қонақ үйлерге, әуежайларға, теміржол, автовокзалдарға, халыққа қызмет көрсету орталықтарына, "Қазпошта" бөлімшелеріне, банктерге, асхана түріндегі қоғамдық тамақтану объектілеріне, жабық базарларға, білім беру ұйымдарына, СПА-орталықтарға, сән салондарына, облысаралық, облысішілік, қалалық тасымалдауларға шектеусіз кіруге рұқсат етіледі.
"Көк" статусы бар адамдарға кіруге рұқсат берілген бірқатар объекті үшін:
- "жасыл" аймақта шектеулер алынып тасталады;
- мейрамханалар, мәдени объектілер, балалар мен ересектер үшін ойын және ойын-сауық орындары бойынша толымдылық "сары" аймақта – 70%-ке дейін, "қызыл" аймақта – 60%-ке ұлғайтылды.