Парламентте "Халық ақыны" атағын қайтару мәселесі көтерілді

0
688

Абай халықаралық қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуровтың айтуынша, Қазақстанда Халық ақыны атағы соңғы рет 30 жыл бұрын берілген.


ERNUR.KZ. Бүгін мәжілісте мәдениет туралы заңға өзгеріс енгізуге арналған жиында "Қазақстанның халық ақыны" атағын қайтару мәселесі көтерілді, деп жазады sputnik.kz.

Абай халықаралық қорының атқарушы директоры Аслан Ғафуровтың айтуынша, Қазақстанда Халық ақыны атағы соңғы рет 30 жыл бұрын берілген.
"Өкінішке қарай, тәуелсіздікке енді қадам басқан кезде "Қазақстанның халық ақыны" деген атақ алынып тасталды. 90-шы жылы, құрылтайдан кейін. Сол кезде қазақ айтысының қара нары Қонысбай Әбіл, шығыстың ақыны Серік Құсанбаев және Әселхан Қалыбекова соңғы рет халық ақыны атанды. Олардан кейін ешкім алған жоқ", - дейді Ғафуров.
Осы орайда ол "Қазақстанның халық әртісі" атағының қайтарылғанын еске салды. Ал "халық жазушысы" мен "халық ақыны" ұмыт қалды.
"Сонда қазір бізде "Халық ақыны" дәрежесіне лайықты ақын жоқ па? Мысалы, көрші Қырғызстанда биыл 40-50 жыл айтыс пен мәдениет саласына еңбек етіп келе жатқан ақындарын ардақтап, мемлекет басшысы "Халық ақыны" атағымен марапаттады. Бізде, өкінішке қарай, 30 жылдан асты, әлі бірде-бір ақынымыз "Халық ақыны" атағын иеленген жоқ. Осыны заңды тұрғыда қарастырып, ұсыныс енгізсеңіздер деген өтініш бар. Бұл – Халықаралық Абай қорының ғана емес, Қазақстандағы айтыскер ақындар, жыршы-термешілер одағы бар, барлығының ұсынысы", - деді Ғафуров.
Айта кетері, мәжілістегі дөңгелек үстелде айтылған ұсыныстар заң жобасына енгізілуі мүмкін.