Павлодарда өрт шыққан мектепте химия пәнінің мұғалімі зардап шекті

0
705

№28 жалпы орта білім беру мектебінің екінші қабатында шамамен 200 шаршы метр алаң жанды.


Павлодарда өрт шыққан мектепте химия пәнінің мұғалімі зардап шекті

ERNUR.KZ. Ол орташа дәрежеде улану диагнозымен №1 қалалық ауруханаға жатқызылды, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, ұстаздың жағдайы тұрақты деп бағаланады.

«1975 жылы туған химия пәнінің мұғалімі бірінші қалалық аурухананың терапевтік бөліміне жатқызылды. «Стресске жедел реакция» диагнозы тіркелді», - делінген басқарма хабарламасында.

Айта кетерлігі, 2020 жылы «Заманауи мектеп» жобасы бойынша алты мектепте жөндеу жұмыстары жүргізілді. Оның бірі – №28 ЖОББМ. Жоба аясында бірінші кезекте мектептер химия, биология, физика пәндері және STEM-кабинеттерімен, жаңа жиһаздармен қамтамасыз етіледі.

Естеріңізге сала кетейік, төрт қабатты №28 жалпы орта білім беру мектебінің екінші қабатында шамамен 200 шаршы метр алаң жанды. Өрт сөндіру бөлімшесі келгенге дейін 576 адам, оның ішінде 551 бала эвакуацияланды.

Оқиға орнында ТЖ департаментінен 50 қызметкер және 12 техника, апаттық медицина орталығынан 4 қызметкер және бір техника жұмыс істеп жатыр.

15 сәуірде Павлодар қаласының №1 ЖОББМ-де өрт шыққан. Салдарынан бес оқушы ауруханаға түсті. Мамандардың алдын ала болжамы бойынша, қасақана өрт қойылған.