Павлодарға тұмаудың жаңа ауыр штаммы келуі мүмкін

0
605

Алдағы эпидемиологиялық маусымда вирустың 3 штаммы өзекті болады.


Павлодарға тұмаудың жаңа ауыр штаммы келуі мүмкін

ERNUR.KZ. Бұл штамм тұмаудың асқынып кетуімен қауіпті, деп жазады Pavlodarnews.

Бұл жайлы СЭБД инфекциялық ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекшісі Гүлмира Құлмағамбетова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Павлодар облысында маусымдық суық тию ауруларының алдын алу және тұмауға қарсы вакцинациялау туралы» атты баспасөз конференциясында мәлімдеді.

"Қазақстанда жыл сайын 500 мыңнан 1,2 млн-ға дейін тұмау және басқа да ЖРВИ-мен ауыратындар тіркеледі. Коронавирустық инфекцияның жаһандық пандемиясы жағдайында ЖРВИ мен тұмаудың вирустық пневмонияға ұласуы асқынулар мен өлімге әкелуі мүмкін", - деді Гүлмира Құлмағамбетова.
Оның айтуынша, алдағы эпидемиологиялық маусымда вирустың 3 штаммы өзекті болады: A (H1N1), A (H3N2) және B.
Алдын алудың негізгі әдісі – белсенді иммундау, яғни вакцинация.


Сондай ақ, ЖРВИ мен тұмаудың алдын алу шаралары коронавирустық инфекцияның алдын-алу шараларымен бірдей: Бұл - әлеуметтік қашықтықты сақтау, бетперде тағып жүру, ауырып жүрген адамдармен байланыста болмау, адамдар көп жиналатын орындарға баруды шектеу, қол гигиенасы, спирт негізіндегі тері антисептиктерін қолдану, инфекцияның ауа тамшыларымен берілетінін есте сақтаған жөн, сондықтан жөтел этикетін сақтау керек, үй-жайларды ылғалды жинау және желдету. Егер отбасында науқас болса, онда науқасқа да, сау адамға да маскаларды қолданып, оларды әр 2 сағат сайын ауыстыру керек. Бөлмені үнемі желдетіп, барлық беттерді сүртіп, дымқылдап тазалаған дұрыс.

"Есіңізде болсын, тұмау асқынып кетуімен қауіпті, сондықтан тұмауға қарсы вакцина алуды ұсынамыз", - дейді Гүлмира Құлмағамбетова.
Естеріңізге сала кетейік, 15 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасында тұмауға қарсы жыл сайынғы вакцинация науқаны басталды. Облысқа РФ өндірген "Гриппол +" тұмауына қарсы вакцинаның 100229 дозасы келіп түсті.