«Төрт аяқты» полицей есірткіні тасымалдау бойынша 200-ден астам дерегін анықтап, қылмыстарды ашуға көмектескен.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Қызметтік-іздеуші ит сегіз жылдық жұмысынан соң зейнеткерлікке шықты, деп жазады 24.kz.
Осы уақыт аралығында тәртіп сақшыларының сенімді серігіне айналған лабрадор ауыр қылмыстардың бетін ашуға көмектескен. Рио есімді ит – ішкі істер органдарының ардагері.
«Төрт аяқты» полицей есірткіні тасымалдау бойынша 200-ден астам дерегін анықтап, қылмыстарды ашуға көмектескен. Әріптестерінің айтуынша, Рио мамандығына адал, тапсырмаларды мүдірдей орындайды.
"Итті зейнеткерлікке шығарып жатырмыз. Жұмысын адал атқарды, біз де бауыр басып қалдық. Енді оны Нұр-Сұлтан қаласында тұратын қожайынына тапсырамыз"- дейді Дархан Қасенов, инспектор-кинолог.
Кинологтардың айтуынша, Рио күшік кезінде баяу әрі жалқау болыпты. Дегенмен уақыт өте келе жаттығып, қызметтік итке тән мінез таныта бастаған. Сегіз жыл ішінде үздік маманға айналды.
"Төбеттің тәбеті жақсы. Иіс сезу қабілетінің арқасында үздік қызметтік иттердің қатарында. Еңбекқорлығы да бар. 5-10 минут тыныққан соң жұмысын жалғастырады. Осы қасиеті маған ұнайды" - дейді Талғат Әубәкіров, инспектор-кинолог.
Рио – облысқа ғана емес, елімізге танымал қызметтік ит. Оны жаттықтырудың әдістеріне өзге аймақтардың кинологтары қызығушылық танытуда. Мамандардың айтуынша, төбетті үйретудің еш құпиясы жоқ. Есірткі іздеп, қылмыскерлерді ұстау – Рионың туа біткен қасиеттері дейді тәртіп сақшылары.
"Жылдың басынан бері иттермен шыққанда мыңнан астам шақырту болды. Соның ішінде 283 факт иттің арқасында ашылды. Оның ішінде елуі есірткі қылмысына қатысты. Біздің базада кинологиялық орталықта 36 қызметтік ит бар. Оның 23-і – қаланың ішінде, 13-і - аудандарда. Ол аудандарда 2019 жылдан бері ашылдық. Нәтижесі жақсы" - дейді облыстық ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Қуанышбек Қабжанов.
Бұл – қызметтік иттің соңғы сап түзеуі. Бұдан былай полиция іздестеру жұмыстарына қатыспайды. Рионың қоржынында екінші деңгейлі «Үздік қызмет үшін» медалі бар.