Ұсталған азамат - Солтүстік Қазақстан облысының 23 жастағы тұрғыны.
ERNUR.KZ. Петропавлда 23 жастағы ер адам әлі жасқа талмаған нәрестесін терезеден лақтырмақ болған, деп жазады sputnik.kz.
20 қыркүйек сағат 17:49 шамасында Петропавл қаласының полиция бөлімшесіне Маяковский, 93 мекенжайында орналасқан жатақхананың 5-қабатындағы бөлмеде төбелес болып жатқаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына барған полицейлер бөлменің ішінде есікті құлыптап алған және нәрестені терезеден лақтырып жіберемін деп қорқытқан ер адам бар екенін анықтады.
"Төтенше жағдайлар депаратментінің қызметкері өзін шатырға байлап, терезе арқылы ішке кірген. Ер адамды еденге құлатып, есікті ашқан соң ішке Солтүстік Қазақстан облыстық полиция депаратментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері кіріп, ер адамды қолға түсірді", - деп хабарлады полиция.
2023 жылы туған қыз бала алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккен жоқ. Нәресте медицина қызметкерлеріне берілді.
Ұсталған азамат - Солтүстік Қазақстан облысының 23 жастағы тұрғыны, ол мас күйде болған. Өзімен бірге тұрып жатқан 21 жастағы әйелі екеуінің арасында жанжал туындаған. Араққа сылқия тойып алған ер адам ортақ кішкентай нәрестелерін терезеден лақтырамын деп қорқытқан.
Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.