Петропавлда 100 миллион теңгені жымқырған ұрылар қорапта қалған аяқ іздері арқылы табылды

0
499

Әжей ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін білген.


Петропавлда 100 миллион теңгені жымқырған ұрылар қорапта қалған аяқ іздері арқылы табылды

Петропавлда әжейдің 100 миллион теңгесін жымқырған ұрыларды криминалист қорапта қалған аяқ іздері арқылы анықтады, - деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

ІІМ мәліметінше, 2023 жылғы маусымда Петропавлдағы пәтерлердің біріне қоңырау түскен.

"Егде жастағы әжей суға арналған сүзгісі құрылғысын тиімді жеңілдікпен орнатуды ұсынған екі ер адамды үйіне кіргізген. Олар уәде еткен жұмысты орындап, еш күдік тудырмайды. Әжей көрші бөлмеден ақша алып шығып, орнатқан құрылғы үшін төлем жасады. Осы сәтте олардың бірі ақша жасырылған жерді байқап қалған.
Олардың біреуі әжейді сөзге айналдырса, екіншісі көрші бөлмеге өтіп, 100 миллион теңге қаражатты жымқырды", - делінген хабарламада.

Әжей ақшаның ұрланғаны туралы бірнеше күн өткеннен кейін білген.

"Құрамында Петропавл қаласының ПБ ЖКБ аға криминалисі Ербол Мусин бар полиция қызметкерлері оқиға орнына келген бойда қылмыстың мән-жайы туралы нақтылай бастады. Ербол пәтерді мұқият қарап шығып, алаяқтар қалдырған сүзгі құрылғысының қорабынан іздерді тапты. Іздер бойынша қылмыскерлердің жеке басы да анықталды", - делінген хабарламада.

Олар Қостанай облысының тумасы болып шықты және біреуінің Петропавлда тұрақты тұратыны белгілі болды. Криминалистің кәсіби іс-қимылы негізінде қылмыс қысқа мерзімде ашылды, қаскөйлер ұсталып, ақшалай қаражаттың бір бөлігі әжейге қайтарылған.