Петропавлда асқазаны екіге бөлініп кеткен үш жасар қыз ауруханадан шықты

0
380

Петропавл қаласының дәрігерлері көгал шапқыштың астына түскен үш жасар қызды аман алып қалды.


Петропавлда асқазаны екіге бөлініп кеткен үш жасар қыз ауруханадан шықты

ERNUR.KZ. Кішкентай қыздың асқазаны екіге бөлініп кеткен. Жақында Снежана анасымен бірге ауруханадан шықты, деп жазады sputnik.kz.

Оқыс жағдай 5 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында болған. Үйде ересек адамдар болмаған. Снежананың ағасы қас қарайған уақытта қолға ұстайтын көгал шапқышпен шөп шапқан. Жасөспірім шөптің арасындағы қарындасын байқамай қалып, триммермен ішін жарып өткен. Кішкентай қыз аса ауыр жарақат алды. Бауырына және ішегіне жарақат келген, асқазаны екіге бөлініп кеткен.
Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрлан Аймановтың айтуынша, көгал шапқыш бауырдың оң жақ бір бөлігін кесіп тастады. Бұдан бөлек, тоқ ішек, мықын ішек пен аш ішек тілініп қалған. Снежананы алдымен Явленка аудандық ауруханасына жеткізген. Сол кезде оның қысымы нөлге түсіп тұрған.
"Аурухананың анестезиолог-реаниматологы Самат Сынғалиұлы Мұқанов сасқан жоқ, нағыз кәсіби шеберлігін таныта білді. Ондай жағдайлар сирек болады ғой. Соған қарамастан, ол кісі толыққанды жансақтау көмегін жасады. Санитарлық авиация тобы келгенше өмірлік маңызы бар ағзалардың функциясын қалпына келтіріп, баланың өмірін сақтап қалды", - дейді Айманов.
Ал тікұшақпен келген облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімі меңгерушісінің міндетін атқарушы Олег Новицкий, реаниматолог Владимир Иванов пен анестезист Әсия Ералина келген бойда ота жасауға кірісті. Олар өздерімен бірге қанды және қажетті препараттарды да алып келді. Түнгі сағат он екіде басталған операция таңғы алтыда аяқталды.
"Дәрігерлер асқазанды қалпына келтірді, былайша айтқанша, оны толығымен жинап шықты. Ондай жағдайлар сирек кездеседі. Себебі асқазанды көп жағдайда қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Сосын аш ішекті, жіңішке ішекті, тоқ ішектің бір бөлігін, сондай-ақ, бауырды қалпына келтірді. Қанды тоқтатып, ішін тігіп тастады. Ертесінде біз тағы бір топ дәрігерді жіберіп, баланы облыстық ауруханаға алып келдік", - деп еске алды Айманов.
Басында Снежананың жағдайы ауыр, бірақ тұрақты болған. Бала сирек кездесетін ауыр жарақат алды. Ота да оңай өткен жоқ. Осыған байланысты дәрігерлер оны Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына ауыстыруға шешім қабылдады. Сөйтіп, Снежананы республикалық санитарлық авиация қызметімен елордаға алып келді. Ол бір айдың ішінде жазылып шықты. Бүгін ол анасымен бірге облыстық балалар ауруханасына консультацияға келді.
"Астанада оған операция жасалған жоқ. Ол жақта тек бақылауда болды. Бүгін оны облыстық аурухананың дәрігерлері қарап шықты. Снежананың жағдайы жақсы, өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Бүгінгі қабылдаудан кейін отбасымен бірге үйге кетті", - дейді мамандар.
Снежананың ата-анасы хирург Олег Николаевич Новицкийге және онымен бірген ота жасаған барлық дәрігерге шексіз алғысын білдірді.