Жарақат алған күшік шамамен төрт айлық.
Фото: Qaz-media.kz
ERNUR.KZ. Петропавлда балалар құлағына петарда жарған күшік өліп кетті, деп жазады stan.kz.
18 қазанда Петропавда "Береке" ықшамауданында иттің құлағына балалар петарда салып, оны жарымжан етті. Оқиға орнына еріктілердің бірі барып, жануарды ветеринарлық клиникаға апарды.
Жарақат алған күшік шамамен төрт айлық. Оны ерікті Наиля Брюхова мен күйеуі қамқорлығына алды. Күшік Екатеринбургтегі ветеринарлық клиникаға емделуге жеткізілді.
Итті қинаған бала ұсталды. Кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның шұғыл отырысы өтті. Онда көпбалалы ананың ата-аналық міндеттерін тиісінше орындамауы мәселесі қаралды. Нәтижесінде анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 37 мың теңге айыппұл салынды.
Бірақ баланың ата-анасы күшікті еміне көмектеспеді. Иттің еміне басқа еріктілер ақша аударғанымен, оның жағдайы асқынып, өз бетімен тамақ іше алмайтын болды. Бір күн бұрын ол оттегі камерасына ауыстырылған. Түнде жағдайы нашарлап, Пегасус есімді күшік өліп кетті.
Қазір Наиля мен Виктор Екатеринбургтен итке кремация жасау үшін орын іздеп жатыр. Жануардың сүйегі Петропавлда жерленеді.
"Итке ескерткіш орнатамыз. Емдеуге көмектескендердің бәрі келсін", – дейді Наиля.
Еске салсақ, бұған дейін Петропавлда кішкентай қыз басқа балалар құлағына петарда жарған күшікті құтқарып қалғаны айтылды.