​Петропавлда құны 800 мың теңге алкоголь мен темекі тәркіленді

0
1 351

Петропавл қаласында «Көрші бақылауы» бағдарламасының 61-20-02 сенім телефонына лицензияланбаған тауарды сақтау фактісі бойынша жасырын хабарлама түскен.


​Петропавлда құны 800 мың теңге алкоголь мен темекі тәркіленді

ERNUR.KZ. Петропавлда автомобильге арналған гаражды лицензияланбаған алкоголь мен темекі сақтайтын қойма ретінде пайдаланған күдікті ұсталды. Қырағылық танытқан көршілері саудагердің бұл әрекеті жайында полицияның сенім телефонына хабарлаған, деп жазады Baq.kz.

Петропавл қаласында «Көрші бақылауы» бағдарламасының 61-20-02 сенім телефонына лицензияланбаған тауарды сақтау фактісі бойынша жасырын хабарлама түскен. Жергілікті полиция қызметінің мамандары Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаменті мен Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бірлесе отырып, аталған ақпаратты тексерген. Нәтижесінде 60 жастағы Петропавл тұрғынының заңсыз әрекеті әшкере болды. Ол өзінің гаражында алкоголь және темекі өнімдерін сақтаған, тауар сапасы мен қауіпсіздігі ешқандай құжаттармен расталмаған. Спирттік ішімдікті үлкен пластикалық бөтелкелерде сақтаудың өзі санитарлық талаптарға сай келмепті.

Тексеріс барысында алкоголь мен ыдыстар, акциздік маркасы жоқ 200 қораптан астам темекі тәркіленді. Тәртіп сақшылары қойма қожайынын кезекті тауар партиясын қабылдап жатқан жерінен ұстады. Полицейлер «Фольксваген-транспортер» автомобилімен келген серіктесі екеуін алкоголь мен темекінің жаңа партиясын түсіріп жатқан кезде үстінен түскен. Тәркіленген заңсыз тауар құны 800 мың теңге.

«Аталған факті бойынша сараптама тағайындалды. Екі күдіктіге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу туралы кодексінің 282-бабы 3-тармағына сәйкес, «Қазақстан Республикасының этил спирті мен алкоголь өнімін өндіруді және оның айналымын мемлекеттік реттеу туралы заңнамасын бұзу» фактісі бойынша іс қозғалды. Жиналған материал сотқа жолданатын болады», - дейді СҚО ІІД ЖПҚ бастығы орынбасарының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Арыстан Сұлтанғазиев.

Аталған факті бойынша 50-ден 600 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу көзделген. Темекі өнімдерінің заңсыз айналымы фактісі бойынша материалдар Петропавл қалалық Мемлекеттік кірістер басқармасына жолданды. Бұдан басқа, жүргізушіге көлікті басқару құжатынсыз рөлге отырғаны үшін де жауап беруге тура келеді. Оның автомобилі айып тұрағына қойылды.

Жалпы Петропавлда жыл басынан «Көрші бақылауы» бағдарламасы шеңберінде алкогольдік өнімнің заңсыз айналымына қатысты 9 факті анықталды. 1000 литрден астам қолдан жасалған сыра және 368 литр басқа да спирттік ішімдік тәркіленді.