Қала іргесінде 40 күннің ішінде жаңа үш бөлмелі коттеджер салынды.
ERNUR.KZ. Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар жаңа баспанаға кіре бастады. Біреулер қаладан пәтер таңдаса, басқалары жер үйді алып жатыр. Жақында Петропавл қаласына жақын жерде Бірлік шағын ауданы бой көтерді. Ол жерде 40 күннің ішінде жаңа үш бөлмелі коттеджер салынды, деп жазады sputnik.kz.
"Бау-бақша егіп үлгереміз"
"Жаңа үйде қонғанымызға екі күн болды. Үй жақсы, жылы. Бірінші күні пешті кішкене жақтым, үйіміз бірден қызып кетті. Пешті арнайы бөлмеге орнатқан. Сол жерден ыстық су батареялар арқылы үйді жылытып отырады. Ал жуынатын бөлмеге Ariston қойып берді. Соның арқасында жуынатын ыстық су бар", - дейді Әлдекеев.
"Ортопедиялық матрас та сыйлады. Енді, бұрынғы үймен салыстырғанда, бұл баспана жұмақтай, тап-таза, жып-жылы. Іші үлкен, 10 сотық жері бар. Биыл бау-бақша да егіп үлгеретін шығармыз. Осы демалыста картоп отырғызамыз, сосын жеміс-жидек егеміз. Ал үйдің артында немерелеріме ойын алаңын жасап беремін", - деп атап көрсетті Оразғали аға.
"Үйдің іші жарық, кең"
"Иә, аллаға шүкір, жаңа үйімізді алдық. Подгарадағы үйіміз тұруға жарамсыз деп танылды. Жолдасымның аты Бірлік, тұратын шағын ауданымыз да "Бірлік" деп аталады (күлді). Үйдің іші жарық, кең, жиһазы мен техникасын қойып берді. Сыртында отын мен көмір сақтайтын қора бар. Қалғанын өзіміз жасап аламыз ғой", - дейді Жұлдыз.
"Бізде жеке көлік жоқ. Сондықтан автобусқа қарап отырмыз. Сол жағынан қиын болып тұр. Өткенде таксимен барғанда жатақханадан жаңа үйімізге дейін 12 шақырым көрсетіп тұрған. Ал менің жұмысыма дейін 20 шақырымдай болады екен. Енді, бізді әзірше жатақханадан әлі шығарып жатқан жоқ. Алдында күзге дейін тұруға болады деген. Қазір жаңа үйімізге барып, маңайдағы тіршілікті жасап жүрміз. Ескі дүниелерімізді апарып, отын тасып дегендей. Ақырындап ішін жуып-жинап жатырмыз. Бірақ толықтай әлі кірген жоқпыз", - деп атап көрсетті Жұлдыз Аманбайқызы.
Жаңа ауданда асфальт әлі жоқ. Жергілікті билік жақын арада төсеп береміз деді. Ал үкімет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға 2 мыңға жуық жаңа үй салып беруді жоспарлап отыр.