Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді.
ERNUR.KZ. Жалпы, пітір садақаны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де ештеңе етпейді. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб, дейді inform.kz.
ҚМДБ төраға орынбасары, наиб мүфти, шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқановтың айтуынша, пітір садақасын қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жеткен әрбір мұсылманның беруі – уәжіп. Ол – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа.
– Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді. Пітір садақаның мөлшері бидай, ұн, арпа және құрманың құны арқылы бекітіледі, - дейді Сансызбай Шоқанов.
Осылайша, 2024 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп, төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 келі – 341 теңге.
Ұн 2 келі – 640 теңге.
Арпа 4 келі – 701 теңге.
Мейіз 2 келі – 5745 теңге.
Құрма 4 келі – 8536 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Осыған орай 2024 жылғы Рамазан айындағы бір адам үшін берілетін пітір садақа мөлшері 2 келі ұнның нарықтық орташа бағасымен есептеліп, 640 теңге болып белгіленді.
«Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (5745 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8536 теңге) бергені жақсырақ. Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3400 (үш мың төрт жүз) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын береді», - деді наиб мүфти.