Суицид жасамақ болған елорданың 21 жастағы тұрғыны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізілді.
Нұр-Сұлтанда полицейлер мен жолаушы бір күнде екі рет суицид жасамақ болған жігітті құтқарып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Сағат 14.20-да ПД жедел басқару орталығына Алаш тас жолы бойындағы көпірде бір жігіт өз-өзіне қол жұмсамақ болғаны туралы хабарлама келіп түскен. Куәгердің айтуынша, ол көпірден секірмек болған, бірақ оны сол кезде жанынан өтіп бара жатқан жолаушы құтқарған. Оқиға болған жерге Данабек Сағындық пен Нұрбол Нұржігітов бар патрульдік полиция экипажы жіберілді.
Көпірге келген полицейлер біраз уақыттан кейін көпір қоршауынан өтіп тұрған жігітті көреді. Олар жүгіріп барып, жігітті ұстап үлгереді де, қауіпсіз жерге жеткізді. Осылайша полицейлер жедел әрі үйлесімді әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалды.
Суицид жасамақ болған елорданың 21 жастағы тұрғыны Байқоңыр аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Жігіттің эмоционалдық жағдайын тұрақтандыру үшін онымен психолог әңгімелесті. Күйзеліс кезінде кәсіби психологиялық көмек көрсетілді.