Заңның толық мәтіні баспасөзде жарияланады.
Фото: Depositphotos
ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мопед жүргізушілерінен лицензия талап ететін заңға қол қойды, деп жазады inbusiness.kz.
Атап айтқанда, Президент "Кейбір көлік түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңды бекітті.
Енді мопед жүргізушілері міндетті түрде мемлекеттік тіркеуден өтіп, лицензиясы болуы керек. Осы кезден бастап мопед жүргізушілеріне алты ай уақыт беріледі (бүгінгі 3 қазаннан бастап есептегенде). Шартты орындамаған жүргізушілердің көліктері айыптұрағына қойылады.
"Қазір көлік жүргізушілері үшін қандай жауапкершілік болса, мопед жүргізушілеріне сондай жауапкершілік болады. Біз оларды толықтай теңестіреміз. Көлік жүргізушілеріне қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік мопедтерге де қолданылады", – деді сенат депутаттары.
Енді мопедті басқару құқығы А1 санатты жүргізуші куәлігімен расталады. А және В санаттарының болуы да осы құқықты растайды.
Сондай-ақ, заңда алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік жүргізгені үшін жазаланған, бірақ жүргізуші куәлігі жоқ адамдар жеті және сегіз жыл бойы емтихан тапсыра алмайтыны айтылған.
Заңда "орташа жылдамдық" ұғымы енгізілген. Ол сертификатталған автоматты құрылғылардың көмегімен анықталады. Билік бұл түзету жылдамдықты шектен асыру салдарынан болатын жол-көлік оқиғаларының санын азайтады деп есептейді.
Президент "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске" де осы бағыттағы өзгерістер мен толықтыруларды енгізуді мақұлдады. Бұл өзгерістер көлік құралдарының қозғалысын реттеуді жақсарту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру үшін цифрлық технологияларды енгізуге бағытталған.