Президент пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді

0
2 540

​Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.


Президент пара алу үстінде ұсталған судьяға қатысты пікір білдірді

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлықты сот жүйесіне деген сенімге селкеу түсіріп отырған негізгі факторлардың бірі деп санайды. Бұл туралы ол сот жүйесін жаңғырту мәселелері жөніндегі кеңесте айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Тек соңғы 5 жылдың ішінде сыбайлас жемқорлық фактісі үшін Фемиданың 17 өкілі жауапқа тартылды. Түркістан облысында сотталған алқа төрағасы мен облыстық соттың судьясына қатысты жемқорлық деректері қоғамда үлкен шу туғызды.

"Осыдан бірер күн бұрын масқара жағдай болды. Жоғары сот кеңесінің бұрынғы мүшесі, сондай-ақ, аудандық соттың төрағасы болған, 30 жылдық еңбек өтілі бар Жоғарғы соттың судьясы ұсталды. Бұл оқыс оқиға жұрттың бәріне белгілі. Аталған жағдай қоғамды теңселтіп кетті", - деді президент.

Тоқаев Жоғары сот кеңесінің және Жоғарғы соттың басшылықтары осы оқиғадан сабақ алып, қажетті шешім шығаруы керек екенін атап өтті.

"Осы кезең ішінде Сот қазылары алқасының шешімімен 29 судья теріс іс-әрекеттері үшін қызметтерінен босатылған. Жалпы судьялардың қатарын тазалау жұмыстары белсенді жүргізіліп жатқаны байқалады. Бұл үдерісті мүлде тоқтатуға болмайды. Біз судьяларға деген қалыптасқан теріс көзқарасты өзгертуіміз керек. Фемиданың барлық қызметкері заңдылықтың, сатылмайтындықтың, кәсібиліктің үстем құруына қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз құқықтық мемлекет және әділетті қоғам құра аламыз", – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, кеше сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақстан Жоғарғы cотының ішкі қауіпсіздік қызметі Жоғарғы сот судьясын ұстағаны хабарланды. Ол Нұр-Сұлтан қаласында ірі көлемде ақша алу барысында қолға түсті.

Күдіктінің Қазақстанның Жоғары сот кеңесінде жұмыс істеген кезде Түркістан облысы аудандық сотының судьясын бір соттан екінші сотқа ауыстыру бойынша көмек көрсеткені үшін ақша алғаны анықталды.

Сонымен қатар Түркістанда ақша берген аудандық соттың судьясы да ұсталды.