ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: «Туристік орындардағы және көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі»

0
373

Нақты жоспар түзіп, проблемаларды шешу уақытын айта аламыз.


ПРЕЗИДЕНТ ПӘРМЕНІ: «Туристік орындардағы және көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық беріледі»

Естеріңізде болса, осыдан бірер күн бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен туризм саласын ілгерілету бойынша ауқымды кеңес өткізілген болатын. Бұл кеңеске Үкімет басшысы, Президен Әкімшілігі басшысы, еліміздің бас прокуроры, ҰҚК төрағасы, Үкімет өкілдері, мегаполистер мен өңірлердің әкімдері, туризм саласының жетекші мамандары мен кәсіпкерлер қатысқан еді. Кеңес барысында Қасым-Жомарт Кемелұлы туризм саласының бүкіл әлемде актуалды екенін айтып, оны дамыту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын айтқан. Сондай-ақ, Қазақстандағы туризмді дамытуда әлі де кемшіліктер бар екенін ашық айтып, алуан түрлі табиғи байлыққа, мәдени мұраға, тұмса табиғатқа ие мемлекетімізде осы саланы өркендетуге ден қойылуы керектігін нықтап жеткізген. Одан бөлек, Қазақстан Республикасы географиялық тұрғыдан тиімді орналасса да, бай ресурстардың ұтымды қолданылмай жатқанына сын таққан. Сонымен қатар, тың бастамаларды ұсынып, жауапты министрліктер, комитеттер мен өзге де мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеді. Осы орайда ҚР Туризм және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Нұртас Карипбаевқа бірнеше сауал қойып, ведомствоның алдағы жұмысы мен жоспары қалай іске асырылатынын білген едік.


- Нұртас Ғалымұлы, Мемлекет басшысының туризмді дамыту бойынша өткізген кеңесінде ел экономикасына оң әсер ететін қандай тың бастамалар айтылды? Көзі қарақты оқырманға бір таныстырып өтсеңіз.


- Өздеріңіз білетіндей, кеше мемлекет басшысы туризм саласы бойынша кеңес өткізді. Бұл жиынға құзіретті органдардың басшылары қатысты. Туризм саласын дамыту бойынша көптеген мәселелер көтерілді. Негізгі тақырыптар – еліміздің территориясы үлкен болғандықтан бірінші кезекте туристік орындардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту тапсырылды. Сонымен қатар әуе көлігі инфрақұрылымын дамытуға да баса назар аударуды тапсырды. Көлік инфрақұрылымын дамыту бойынша биылғы жылы Оңтүстік пен Солтүстікті қосатын «Астана-Алматы» тасжолын, одан кейін Өскеменнен Талдықорғанға, Атыраудан Астраханға дейінгі жолды жөндеп бітіруді тапсырды. Оған қоса теміржол саласын дамытып, вагондардың санын көбейтуді жүктеді. Себебі қазір басталып жатқан туристік маусым аясында ішкі туристер саны артатын болады. Осы орайда, 2023 жылы туристік орындардың инженерлік инфрақұрылымын дамыту бойынша жалпы құны 131 млрд. теңгені құрайтын 33 жоба шеңберінді жұмыс атқарылғанын атап өту керек. 2022 жылы 27 млрд. теңгеге 28 жоба жүзеге асырылған еді. Ал, биыл министрлік жалпы құны 370 млрд. теңгені құрайтын 61 жоба бойынша еңбек етуді жоспарлап отыр.


- Туризм саласы бойынша Қазақстанның әлемдік аренадағы орны қандай?


- Қазақстанның туризм саласы бойынша әлемдік аренадағы орны 52-ші саты болып тұр. Алдағы уақытта жұмыстарды жаңғыртып, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп сеніммен айта аламын.


- Ауқымды кеңестен соң туризм және спорт министрлігі қандай жаңа істер атқаруды жоспарлап отыр?


- Әлбетте, министрлікте Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасы бар. Сол тапсырмаларға сәйкес, құзіретті органдар және Үкіметпен бірлесіп нақты жоспар түзіледі. Яғни, біз Президент тапсырмасын іске асыруға кірісіп кеттік.


- Өзіңіз қызмет ететін комитеттің саланы дамытудағы рөлі қандай болмақ?


- Туризм саласын дамытуға Туризм индустриясы комитетінің қосар үлесі зор деп ойлаймын. Соның ішінде комитет қызметкерлері кешенді жоспар әзірлеумен айналысып жатыр. Сонымен қатар, 2022 жылы қабылданған жеті бірдей мемлекеттік бағдарлама жұмыс істеп тұр. Осы мемлекеттік қолдау бағдарламаларының қорытындысы бойынша 2023 жылы 800 миллион теңгеге өтінім қабылданған болатын. Осылайша бұл көрсеткіш 2022 жылғы нәтижемен салыстырғанда сегіз есеге көбейіп отыр. Жалпы осы мемлекеттік қолдау бағдарламалары шеңберінде туризм саласына 4,5 млрд. теңге жеке инвестиция салынған.


- Президент кеңесте бірнеше мәселелерді де айтты. Сіздің ойыңызша туризм саласындағы проблемаларды қанша уақытта реттеуге болады?


- Мемлекет басшысы айтқан негізгі мәселелер – туристік нысандардағы инфрақұрылымды жақсарту, негізгі күре жолдардың құрылысын аяқтау, әуе көлігі саласына серпін беру, көлік және теміржол қатынасының сапасын көтеру. Әрине, барлық мәселелерді құзіретті органдармен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шешетін боламыз. Содан кейін ғана, нақты жоспар түзіп, проблемаларды шешу уақытын айта аламыз.


- Жауап бергеніңізге рахмет!


Сұхбаттасқан: Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ