Электр энергиясы кәсіпорындары тарифтерді төмендеткеннен кейін 200 мыңнан астам кәсіпкердің шығыны азайды.
ERNUR.KZ. Электр энергиясы кәсіпорындары тарифтерді төмендеткеннен кейін 200 мыңнан астам кәсіпкердің шығыны азайды. Бұл туралы «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты бизнесті қорғау жөніндені ІІІ форумда ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Президент қазандағы Жолдауында бәсекелестікті дамыту мен тарифтерді ретке келтіру бойынша батыл шешімдер қабылдау қажеттігін атап өтті. Еліміз бойынша прокуратура энергетикалық кәсіпорындарды тексерді. Біздің шаралар аясында 15 өңірде электр энергиясы мен жылумен қамтамасыз етуге тарифі деңгейі төмендетілді. Тұтынушыларға 15 млрд теңгеден астам сома өтелді», - деді М. Ахметжанов.
Оның айтуынша, монополистер әрекетінен бизесмендер де зардап шекті.
«Мәселен, Атырау облысында «АтырауЭнергосату» ЖШС бойынша 120 млн теңгеге тарифтің асыра көрсетілуі анықталды. Төлемдер мөлшері төмендетіліп, бес мың кәсіпкердің құқықығы қорғалды», - деді ол.
М.Ахметжановтың сөзіне қарағанда, жалпы еліміз бойынша 200 мыңнан астам кәсіпкер шығындарының азайғанын сезінген.
«Осындай заң бұзушылықтар өкілетті органдардың әрекетсіздігінен орын алды. Лауазымды тұлғаларға қатысты жеті қылмыстық іс қозғалып, прокурорлық әрекет ету шараларымен 27 адам жазаға тартылды», - деді ол.