Президенттің кеңесшісі теңгені цифрландыруды ұсынды

0
934

Егер теңге цифрландырылатын болса, ол монитор жүйесінде көрініп тұратын болады.


Президенттің кеңесшісі теңгені цифрландыруды ұсынды

ERNUR.KZ. Мұндай жаңашылдық кірпіш алуға қанша қаржы кеткенін, адамдардың жалақысына қанша жұмсалғанын анықтауға көмектеседі. Президенттің кеңесшісі Бағдат Мусин сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы құрал құрылса, адамдардың заңға сәйкес жұмыс істеп, мойынсынудан басқа амалы қалмайтынын айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

« Мен процестерді цифрландыру туралы ғана ойламаймын. Мысалы, мемлекеттік сатып алу кезінде ақшаны қолма-қол шығару алу мәселесі бар. Мемлекеттік сатып алуды ұтып алғаннан кейін оны ақшаға айналдыру керек. Мұның бәрі алдын алу мақсатында цифрлық бақылау орнатпаудан болып отыр. Оны ақшаға айналдырғаннан кейін барып анық-қанығын білеміз. Менің идеям бойынша теңгенің цифрлық аналогы болуы керек және ол боялған болуы қажет», - дейді Мусин Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте өткен брифингіде.

Оның айтуынша, мысалы, көпір құрылысына 3 млрд теңге бөлінсе, әр теңге цифрландырылғандықтан, ол монитор жүйесінде көрініп тұратын болады.

«Бұған уақыт керек. Бұл биткоин аналогы, бірақ биткоиннің өзі емес. Екеуін шатастыруға болмайды. Оны биткоин сияқты жүзеге асыру қиын емес. Биткоиннің технологиясы жақсы, біз оның пайдалысын ғана алуымыз керек», - дейді Президент кеңесшісі.

Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мұндай құрал құрылған жағдайда көптеген жемқорлық фактілерінің алдын алуға болады.

«Адамдар заң бойынша жұмыс істеу керек екенін түсінуі керек. Мұның бәрін 2-3 жылда жүзеге асыруға болады. 1 жылда іске асыруға болатын оңайырақ тәсіл бар. Екінші деңгейлі банктермен, Ұлттық банкпен сөйлесу керек. Бұл бірден болады деп айту қиын, бірақ цифрландыру жұмыс тәртібінде тұр, сондықтан оны неге қазірден бастап қолға алмасқа?», - дейді Бағдат Мусин.