Пробациялық бақылауда жүрген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қамауға алынуы мүмкін

0
270

Нұрасыл Болатттың Алматыда түнде тойда жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарады.


Пробациялық бақылауда жүрген Дәулет Тұрлыхановтың ұлы қамауға алынуы мүмкін

Фото: видеодан алынған кадр/instagram.com/ pro.pravo.kz

ERNUR.KZ. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат пробациялық бақылауды елемегені үшін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп жазады inform.kz.

Нұрасыл Болатттың Алматыда түнде тойда жүрген видеосы әлеуметтік желіде тарады.

Заң бойынша ол бостандығын шектеу режиміне байланысты бұл уақытта үйінде болуы тиіс.

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, Нұрасыл Болат Алматы қаласының пробация қызметінде есепте тұр.

«Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр», - деп хабарлады қылмыстық-атқару жүйесі комитетінен.

Осыған дейін әлеуметтік желіде Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың бостандығы шектелген ұлы Нұрасыл Болаттың түнгі уақытта емін-еркін жүрген видеосы тарағаны туралы жазған едік.

Еске сала кетейік, 2023 жылы ақпанда Нұрасыл Болат Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Черновты соққыға жыққан еді.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.

Одан бөлек, Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне араласпайтынын айтты.

Ал, өткен жылы 2 шілде күні ол мерзімді әскери борышын өтеп жатқан жері – Қонаев гарнизоны әскери бөлімдерінің бірінен қашып кеткен болатын.

Кейін көп өтпей табылып, қызмет атқаратын орнына жеткізілді.

Алматы гарнизоны бөлім бастығының бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

2023 жылы 9 қазанда Дәулет Тұрлыхановтың ұлына сот үкімі шықты.

Прокурор сотталушы Б-ға 1 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу түрінде жаза тағайындауды сұрады.

Биыл мамырда Жоғарғы сот Дәулет Тұрлыхановтың ұлына кесілген үкімді өзгертті. Содан соң Дәулет Тұрлыханов ұлының сот үкіміне қатысты пікір білдірді.