Рақымшылық нақты қарапайым халыққа бағытталады – Мәжіліс депутаты

0
536

Депутат қаңтар оқиғасына қатысқандарға жасалатын рақымшылық Президенттің Әділетті Жаңа Қазақстан құрудағы ашықтығын көрсетеді деп санайды.


Рақымшылық нақты қарапайым халыққа бағытталады – Мәжіліс депутаты

ERNUR.KZ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» Заң жобасына қол қойды. Осыған қатысты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских өзінің ойын білдірді, деп жазады el.kz.

Депутат қаңтар оқиғасына қатысқандарға жасалатын рақымшылық Президенттің Әділетті Жаңа Қазақстан құрудағы ашықтығын көрсетеді деп санайды.

«Шын мәнінде, қасіретті қаңтар оқиғасына қатысқандардың ісін май шаммен қарап, назар аударатындай үлкен мәселе. Қазір ел арасында осы оқиғаға қатысқан барлық азаматқа рақымшылық жасалады деген қате пікір жүр. Бұл – теріс ой. Рақымшылыққа заңсыз митингке шыққан қарапайым халық ілігеді», – дейді халық қалаулысы.

Елде 4 қаңтарда әлеуметтік толқу басталып, арты мүдделі топтардың төңкерісіне ұласты. Сөйтіп, 7 қаңтарға дейін ел аумағында алай-дүлей жағдай орын алды. Құқық қорғау органдары алаңға жиналғандарды ұстап, уақытша тергеу орындарына қамағаны белгілі... Олардың ішінде, жазықсыз ілініп кеткені де бар.

«Заңсыз алаңға шыққандарға рақымшылық жасау – жаңа өмірге екінші мүмкіндік беру деген сөз. Алайда, заңсыз митингтерді ұйымдастырып, билікке қарсы шыққандардан бөлек, адамдарды азаптап, күш көрсеткен полиция қызметкерлері және басқа да өкілеттік органдарға рақымшылық жүргізілмейді», – деді Мәжіліс депутаты.

Қаңтар оқиғасына қатысқан күллі қазақстандықтар бұл оқиғадан сабақ алады деп ойлаймын.

«Сол кезді еске алатын болсақ, мемлекеттік төңкерістің бір көрінісі орын алды деуге келеді. Жан-жақтан әлеуметтік желі арқылы үгіт жүргізген күштердің соңы қанды қасіретке әкелді. Елдіктің шаңырағын шайқалтуға қатысқандар мен қызметін асыра пайдаланып, зорлық-зомбылық көрсеткен Ұлттық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігінің қызметкерлері рақымшылыққа ілікпейді. Егер де митинг аясында арнайы келтірілген шығындар болса, ол өтелуі тиіс. Рақымшылық қылмыстық жауапкершілікті алып тастамайды», – деп атап өтті депутат Геннадий Шиповских.

Заң жобасы бойынша, теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандар жазадан толық босатылады деп күтілуде. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады. Рақымшылық террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздік ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасаған адамдарды қамтымайды.