Блогердің ұсталғанын Ресей Федерациясының Тергеу комитеті растады.
ERNUR.KZ. "Марафондар ханшайымы" деген атпен танымал ресейлік блогер Елена Блиновскаяға салық төлеуден жалтарды деген айып тағылды, деп жазады ulysmedia.kz.
Блогердің ұсталғанын Ресей Федерациясының Тергеу комитеті растады. Ведомсвто дерегінше, Елена Блиновская аса ірі мөлшерде салық төлеуден жалтарды, аса ірі мөлшердегі қаржыны немесе басқа мүлікті заңдастырды (жылыстатты) деген күдікке ілінген.
"Елена Блиновскаяны құқық қорғау органдарының қызметкерлері Ресей Федерациясының шекарасынан жалға алған көлігімен өтпек болған кезде ұстады, сонымен бірге оның басқа мемлекетке ұшу үшін әуе билеттері болды", - деп хабарлады комитет.
Комитет мәліметінше, блогер екі жыл ішінде ел бюджетіне 918 миллион рубль төлеуі тиіс болған. Алайда ол бизнесін "бөлшектеу" арқылы салықтан жалтарып кеткен.
Қазір құқық қорғау органдары тінту және жауап алу жұмыстарын жүргізуде. Әлеуметтік желі жазбаларына сүйенсек, блогерге қатысты қылмыстық іс туралы бір күн бұрын белгілі болған. Сол кезде Блиновская Алматыға билет сатып алған.
Алайда оған ұсталатыны туралы ескерту жасалғандықтан, бағытын өзгерткен. Дегенмен, блогер Беларусь шекарасына жақын жерде ұсталды.