Ресейге салынған санкцияларға байланысты ҚР Үкіметі халықаралық сауда брендтерінің кеңселерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмысты бастады.
ERNUR.KZ. Бұл ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мәжіліс өкілдерінің депутаттық сауалына жолдаған жауабында мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.
«Бүгінгі таңда 300-ге жуық халықаралық компания экономиканың барлық салаларында өздерінің Ресей нарығынан кететінін немесе инвестициясын, тауарларды жеткізуін немесе басқа қызметін шектейтінін мәлімдеді. Бұл ретте тауарлардың кең спектрі Қазақстанға шетелдік компаниялардың Ресейде орналасқан дистрибьюторлары арқылы жеткізіледі. Қазақстан бизнес жүргізудің көптеген маңызды тұстары бойынша (тұрақты банк жүйесі, бизнес пен инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары, қолайлы салық салу және т.б.) шетелдік компанияларға қызықты болуы мүмкін. Осыған байланысты Үкімет олардың Орталық Азия және ТМД өңіріндегі жұмыс стратегиясын түсіну үшін осы компаниялардың кеңселерімен өзара іс-қимыл жасау бойынша жұмысты бастады» деп жазылған Үкімет басшысының жауабында.
Оның мәліметі бойынша, ірі халықаралық компаниялардың көшуі үшін бүкіл ұйымдастырушылық және заңнамалық мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау қажет.
«Осы бағыттағы жұмыстар жалғасады», - деп жазады Үкімет басшысы.
Айта кетейік, Грузия, Әзербайжан, Түркия және Қазақстан арасындағы Middle Corridor бірлескен кәсіпорны әзірленіп жатыр. Ол 2023 жылдың басында немесе ортасында ресми түрде дайын болуы мүмкін.