Нағыз Қазақстан – бұл заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел, дейді фильм авторы.
ERNUR.KZ. Британдық комик Саша Барон Коэн "Борат" және "Борат-2" фильмінде неге Қазақстан атын пайдаланғанын айтты, деп жазады Sputnik Қазақстан.
Сценарий авторы мен атышулы фильмнің басты кейіпкерінің түсініктемесін The New York Times жариялады.
"Бұл – комедия, фильмдегі Қазақстан мен нақты елдің арасында ешқандай байланыс жоқ. Қазақстанды АҚШ-та ешкім білмейтін болған соң таңдадым. Соның арқасында ерсі, комедиялық, жалған әлемді көрсете алдық. Нағыз Қазақстан – заманауи, абыройлы қоғамы бар, Бораттың нұсқасына қарама-қайшы тамаша ел", – деді Коэн редакцияға электронды пошта арқылы жолдаған хатында.
Саша Барон Коэн Қазақстанға туристерді тарту үшін түсірілген жарнамалық видеоға қатысты осындай пікір білдірді.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясы "Very nice!" тіркесі бірнеше рет қайталанатын роликті жариялады. Борат осы сөз тіркесін фильмде айтқан еді. Комедияны позитивті түрде пайдалану идеясын Қазақстанға келген америкалық Деннис Кин жүзеге асырды.
Айта кетейік, бұған дейін "Намыс" патриоттық бірлестігі Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығына "Борат-2" фильмінің шығуына қарсы петиция жіберген болатын. Консулдық Америка Құрама Штаттары үкіметінің бұл фильмді қаржыландыруға, өндіруге немесе шығаруға ешқашан қатыспағанын мәлімдеді.
Фильмде нәсілшілдік пен ксенофобияның айқын формасы бар, алайда наразылық нота жолдаудың мәні жоқ, деген болатын Қазақстанның сыртқы істер министрлігі өз кезегінде.