Семейлік кәсіпкер қымыздан 6 ай бойы бұзылмайтын балмұздақ жасайды

0
1 319

"Күбідегі қазақтың бал қымызын балмұздақ қып өзіне қайтарамын".


Семейлік кәсіпкер қымыздан 6 ай бойы бұзылмайтын балмұздақ жасайды

ERNUR.KZ. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 505 мың теңгенің грантын алған Айдын Серікқазин қазір Семейде Qaz Ice атауымен бие сүтінің балмұздағын сатып жүр, деп жазады inbusiness.kz.

Елімізде қымыздан балмұздақ жасаушылар көп. Бірақ сол өнімдердің ешбірі нарыққа дендеп еніп, кезіндегі «Пломбир» сияқты бала біткеннің сүйікті дәміне айналып кете алған жоқ. Әуелі Қарағандыда, кейін Шымкент пен Павлодарда бие сүтінің балмұздағы сатылатынын БАҚ жарыса жазған болатын. Алайда ұлттық бренд болуға тиіс бұл тағамды өзге өңірлерден шаммен іздесеңіз де таппайсыз. Мұны біздегі шағын бизнес әлемінде «франшиза» тәсілі енді-енді ғана дамып келе жатқанымен түсіндіруге де болады. Оның үстіне бие сүті сиыр сүтіне қарағанда спецификалық өнім. Жалпыға бірдей жарамды етіп жетілдіру үшін ғылыми ізденіс қажет. Ғылыми сүйемелдеу мен маркетингтік қолдау болмаса, бүгінгі заманда кез келген супер жобаның сиырқұйымшақтанып кететінін осы қымызбалмұздақ мысалынан көруге болады. Қарағандылық Елтай Текесовтің қымызбалмұздағы да осыдан 6-7 жыл бұрын ел ішінде сұраныс пен қолдау таппай Жапония нарығына ойысуы осы сөзімізге дәлел.

Күбідегі қазақтың бал қымызын балмұздақ қып өзіне қайтарсам деп жүрген тағы бір жастың талпынысын былтыр «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы демеген болатын. «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 505 мың теңгенің грантын алған Айдын Серікқазин қазір Семейде Qaz Ice атауымен бие сүтінің балмұздағын сатып жүр. «Атамекен» оған гранттан бөлек құжат жинауға да көмектесіпті. Мамандардың жол сілтеуімен авторлық құқығын рәсімдеп, Қазақстан бойынша қымыздан жасалатын балмұздақтың патент иесі атанып шыққан көрінеді.

Интернетке сенсек, қымыздан алғаш рет балмұздақ жасап сатқан Ганс Гольцман деген адам екен. Германиялық ғалым өзі экономист бола тұра қымыздан жасалған балмұздақ ауыз қуысының микрофлорасына пайдалы екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеп шығады. Осы жаңалығын Алматыдағы халықаралық конференциялардың бірінде паш етіп, қазақтарды таңғалдырғанына 9 жылдай уақыт болыпты. Айдын қазір осы технология бойынша балмұздақ өндіріп отыр.


«Қырғызстанда қымыздан жасалған балмұздақ ұлттық брендке айналып кетіпті. Соны көргенде бізге де неге осы істі қолға алмасқа деген ой келді. 2019 жылы Рымбек Байсейітов атындағы қаржы-экономикалық колледжін техник-бағдарламалаушы мамандығы бойынша тәмамдадым да, «Атамекеннің» жаңа жобасына қатыстым. Алғашқы дүңгіршегімізді былтыр желтоқсанда Семейдегі «Ақшың» сауда үйінің екінші қабатынан ашқанбыз. Содан бері сұраныс сұйылып көрген жоқ. Тіпті пандемияға байланысты төтенше жағдай жарияланып, карантин күшейтілген кезде де тапсырыссыз қалған жоқпыз. Керісінше, жеткізіп беру қызметін қолға алып, жаңа бағытта дами түстік», – дейді өзі.




Бие сүтінен жасалған балмұздақтың әдеттегі балмұздақтан айырмашылығы дәмінде ғана емес. Оны бізге Айдын былай түсіндірді.


«Тәтті балмұздақтан басты айырмашылғы, патент «пайдалы модельге» берілген. Яғни, өнімнің құрамында ешқандай бояу, консервант, стабилизатор қосылмайды. Ағзаға зиянды қоспа жоқ. Соны растайтын құжаттарды реттеуге 3 ай кетті. «Атамекеннің» жетектеуімен сертификаттар жасатып, лицензия алып қана қоймай, экспортқа шығаратын құжаттарын да реттеп тастадық», – дейді кәсіпкер.


Қазір Айдын өнімін Семейдің үш жерінде сатып отыр. Ал Өскеменде Берік Рахметқалиев деген азамат Qaz Ice франшизасын пайдаланып, екі жерде сауда нүктесін ашыпты.


«Қазақстан бойынша авторлық құқық менде деп отырмын ғой. Жасырын істеп жатқандар бар шығар. Жыл аяғына дейін Семейді барынша қамтып, барлық ірі дүкендерге шықсақ деген мақсат бар. Бізде балмұздақтың 3 түрі бар:қымыз балмұздақ, саумал балмұздақ, қымыз-шокалад балмұздағы. Келешекте қымыз бен саумалға жеміс-жидек шылап шығармақшымыз. Қазіргі балмұздақтардың бір домалағы 300 теңгеден. Бір домалақта 100 грамнан астам өнім бар. Одан көп алғысы келгендер келілеп тапсырыс бере алады. Арнайы ыдысқа салып, қалаған жеріне жеткізіп береміз. Қымызды спецификалық сусын деп жатады ғой. Бірақ балмұздағы бәріне жарамды. Кез келген адамға пайдасы болмаса, кері әсері жоқ. Балмұздақтың негізгі тұтынушысы ежелден балалар ғой. Қазіргі балаларға қымыз бен саумалды сусын күйінде ішкізу қиындау. Балмұздақ ретінде берсеңіз, бас тартуы екіталай», – дейді Айдын.


Жас кәсіпкер пандемия бітіп, шекара ашылса, Түркияға барып бизнес жүргізудің тәсілдерін үйреніп қайтпақшы.


«Қымызды да, саумалды да Семейдегі Берік деген ағамнан балғын күйінде алам. Мұны әзірге отбасылық бизнес деп атаған дұрыс шығар. Семейдегі үш орынның бірінде әпкем, бірінде өзім, үшіншісінде қалыңдығым жұмыс істейді. Өзге қалалардан тапсырыс қабылдай бастадық. Қыста тіпті «Ақшың» сауда үйінің басшысы Марат ағамыз Гремания мен Қытайдағы балаларына жаңажылдық сыйлық ретінде жіберген болатын. Тапсырыс түссе арнайы контейнерге салып Алматы мен Нұр-Сұлтанға да жөнелте аламыз. Бір жақсысы, тез бұзылмайды. Тіпті еріп кетсе, қайта қатырып алуға жарамды. Одан дәмі де, құрамы да өзгермейді. -18 градуста 6 айға дейін сақтауға болады», – деді ол.