Менің жобам үш тілде жасалды. Ойынды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығармақ ойым бар, - дейді жоба авторы.
ERNUR.KZ. Өскеменде ақпараттық технология жұлдыздары «Цифрлық Шығыс-2019» форумы аясында өздерінің старт-ап жобаларын таныстырды. Олардың ішінде мектеп оқушысы ұсынған вируалды «Теңге алу» жобасы да бар, деп жазады Елорда Инфо.
Форумның мақсаты – жастардың қиялына қанат бітіріп, тиімді жобаларды жүзеге асыру. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі форумға биыл Өскемен мен Семейден, сондай-ақ Аягөз, Жарма, Бородулиха, Көкпекті, Үржар аудандарынан іріктелген үздік 15 жоба ұсынылды.
«Аймақта ақпараттық технологиялар қарқынды түрде дамып келеді. Әрине ол біз үшін үлкен қуаныш. Қазіргі таңда біздің өңірде 650 IT сыныбы бар. Былтыр да халықаралық IT форумы аясында стартап жобалармен танысқан болатынбыз. Жастардың қарқынын көріп қуанып қалдық», – облыс әкімі аппараты жетекшісінің орынбасары Марина Гагарина.
IT форум аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Smart пернетақта», «Ақылды мектеп», «Абай – дана, Абай – дара қазақта» 3Д-саяхат, «Смартфон арқылы ашылатын есік», «Интеллектуалды көше шамдары», күннен қуат алатын «Электрлі шынжыртабан», «Ауаны тазартып, ылғалдандыратын құрылғы» және басқа да жобалар қорғалды. Бірінен-бірі өткен өнертапқыш жастардың арасында көпшіліктің көңілінен шыққан дүние Әлішер Мәулетовтың жасаған жобасы болды. Ақпараттық технологияға 14 жасынан ден қойған жасөспірім бұл байқауға қазақтың ұлттық ойыны теңге алудың виртуалды үлгісін әзірлеп әкеліпті. Ондағы ойы – төл өнерімізге, салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымызға деген жастардың қызығушылығын ояту.
«Менің жобам үш тілде жасалды. Ойынды қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде шығармақ ойым бар. Ойын 10 кезеңнен тұрады. Әр кезеңнен соң ойын ойнап отырған бала киіз үй, домбыра және қазақ батырлары жайлы мағлұмат оқиды», - дейді Әлішер Мәулетов Шәкәрім атындағы мектеп гимназиясының оқушысы.