Сенат ТМД елдеріндегі санитариялық қорғауға қатысты Заңды мақұлдады

0
627

Заңның негізгі мақсаты - 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау.


Сенат ТМД елдеріндегі санитариялық қорғауға қатысты Заңды мақұлдады

ERNUR.KZ. Бүгін Сенат отырысында "Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Заңын мақұлдады, деп жазады baq.kz.

Заңның негізгі мақсаты - 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау. Аталған келісімге 2021 жылғы 28 мамырда Минскте ТМД-ға қатысушы 11 елдің 8-і қол қойған. Олар: Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Заң сонымен қатар, осы мемлекеттері азаматтарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Келісім аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ төтенше жағдайларға байланысты инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі келісілген іс-шараларды жүргізуді көздейді. Аурулардың толық тізбесі осы Келісімнің қосымшасында айқындалған. Бұған дейін, 2001 жылғы Келісімдегі тізбеге 18 аурулар кірсе, осы Келісімде – 24-ке көбейтіліп, халықаралық медициналық-санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес келтіріліп отыр. Келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес бақылауға жататын тауарлардың тізбесі де қайта қаралып, Еуразиялық экономикалық одағының елдерінде бақылауға жататын тауарлардың бірыңғай тізбесімен сәйкестендірілді, - деді сенатор Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар, келісімде тараптарды жедел хабардар ету, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуде практикалық, техникалық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелері айқындалған.

Келісімді ратификациялау аса қауіпті аурулардан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді және еліміздің халық денсаулығына оң септігін тигізеді, - деді сенатор.