Сенат Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңды Мәжіліске қайтарды

0
654

Шоттағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Акционерлік қоғамын айқындау жоспарланып отыр.


Сенат Ұлттық қордан балаларға ақша аудару туралы заңды Мәжіліске қайтарды

ERNUR.KZ. Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Ұлттық қордан балаларға арналған қаражатты есептеу, төлеу және пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңның жекелеген баптары мақұлданбады. Бұл ретте, аталған баптардың жаңа редакциясын ұсына отырып, құжат Мәжіліске қайтарылды, деп жазады inform.kz.

«Мемлекет басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» атты жобаны іске асыруды ұсынды. Бұл жоба - өскелең ұрпақтың ересек өмірге нақты жолдама алуына бағытталған алғашқы қадам. Ұлттық байлықтың халықтың мүддесіне жұмсалуы және оның игілігін көруі – «Әділетті мемлекетті» құрудың нақты көрінісі деп айтуға толық негіз бар. Қазір ресми деректер бойынша елімізде 18 жасқа дейінгі балалардың жалпы саны шамамен 6,7 млн адамды құрап отыр. Ұсынылған заңға сәйкес Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50 пайызын 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балалар арасында тең бөлу көзделген. Ұлттық қор қаражатын білім алуға және тұрғын үй жағдайын жақсартуға бағытталған нақты екі мақсатта пайдалану ұсынылды», - деді сенатор Бекбол Орынбасаров заңды бірінші оқылымда мақұлдау кезінде.

Оның айтуынша, білім алу бағыты бойынша қаражатты жоғарғы оқу орындарының ақысын төлеуге немесе мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесіне аударуға мүмкіндік беріледі.

Шетелдік оқу орнында оқу ақысын төлеуге қаражатты пайдалану шектелмейді.

«Ал тұрғын үй сатып алу немесе тұрғын үйдің жағдайын жақсарту бағыты бойынша қаражатты пайдалану тек Қазақстан Республикасы аумағында ғана рұқсат етіледі. Сонымен қатар, бұл қаражатты бастапқы жарна, ипотекалық қарыздар бойынша төлем ретінде аударуына мүмкіндік беріледі. 18 жасқа толған кезде жинақталған қаражат баланың меншігі болады, өзі ашқан уәкілетті операторлардағы шоттарға жіберіледі. Сондай-ақ, қаражатты алушылар ретінде заңды өкілдер мен мұрагерлер де бола алады. Бала 18 жасқа толғаннан кейін шоттағы қаражат 10 жыл бойы сақталатын құқық беріледі. Шоттағы қаражат 10 жыл ішінде талап етілмеген жағдайда, сол адамның зейнетақы шотына аудару мүмкіндігі бар», - деді депутат.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасы азаматтығынан айырылған немесе ауысқан кезде төлемдерге талап қою құқығы жойылады.

Шоттағы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын сақтау үшін жобаның операторы ретінде «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» Акционерлік қоғамын айқындау жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, аталған заңды екінші оқылымда қарау барысында сенаторлар бірқатар түзету енгізіп, құжатты Мәжіліске қайтару туралы шешім жасады.

Осы орайда заңның кейбір ережелерін ішінара сәйкестендіру ескерілген.

Мұнымен қоса, Ұлттық әл-ауқат қорының жалғыз акционерінің құзыретін регламенттейтін қайталанатын нормаларды алып тастау қарастырылды.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Конституциялық Заңның қолданылуы тоқтатылуына байланысты «Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы» Заңның нормаларына сәйкес келтіру қамтылған.

«Банктер мен салымшылар арасында даулы жағдайлардың туындау тәуекелдерін болдырмау мақсатында пайдаланылмаған нысаналы жинақтарды төлеу қаражатын банктік шоттардан БЖЗҚ шоттарына АҚШ долларымен аудару кезінде «аударым күніне» емес, «аударым сәтіне» теңгемен айырбастауды ескерілмек», - деді Бекбол Орынбасаров.