Серік Сәпиев боксшыларды сынайтындарға жауап берді

0
460

​Боксшылардың сәтсіз өнер көрсетуіне бапкерлер де, спортшылардың өздері де жауапты, деді комитет төрағасы.


Серік Сәпиев боксшыларды сынайтындарға жауап берді

ERNUR.KZ. Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев жанкүйерлердің сынына жауап берді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

"Жанкүйерлерден боксшыларды сынауды емес, қолдауды сұраймын. Себебі оларға оңай емес. Әрине, Қазақстан құрамасы Олимпиадаға қатысқалы бері бұл ең нашар көрсеткіш. Дегенмен, құрметті жанкүйерлер, сспортшыларымызды сынамаңызшы. Оларға сіздердің қолдауыңыз қажет", - деді Сәпиев орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте.

Оның айтуынша, боксшылардың сәтсіз өнер көрсетуіне бапкерлер де, спортшылардың өздері де жауапты.

"Біз бас бапкерлерді тағайындағанда барлық жауапкершілікті соларға жүктейміз. Себебі олар оқу-жаттығу жиындары кестесін жасайды. Бірақ көп нәрсе спортшыларға да байланысты. Олар Сәкен Бибосынов сияқты рингке шығып, барын салуы қажет. Демек бір жағынан боксшыны жақсы дайындап, жүйелі режим мен кесте құру керек, екінші жағынан спортшылар да бар күш-жігерін салуы тиіс", - деп атап көрсетті Сәпиев.

Комитет басшысы Олимпиададан кейін арнайы отырыс өткізілетінін де жеткізді. Сол жерде бапкерлерге қатысты шешім қабылданады.

"Олимпиада ойындарынан кейін федерациялар мен Ұлттық Олимпиада комитетінің қатысуымен кеңейтілген отырыстар ұйымдастырылады. Бапкерлер ротациясы жасалады. Қателіктер жан-жақты талқыланады. Токио Олимпиадасынан кейін бізде міндетті түрде кеңейтілген отырыс өтеді. Сол жерде тиісті шешім шығарылады", - деді Сәпиев.

Айта кетері, осы жолы бокстан Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиададан алтын медальсіз қайтады. Токиода екі боксшы ғана жартылай финалға жетіп, ары қарай өте алмады. Сөйтіп, екеуі де қола медальді қанағат тұтты.