Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстаған.
ERNUR.KZ. Шетел азаматтарын жеткізіп, жол ақысына 800 АҚШ долларын алған такси жүргізушісі қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп жазады tengrinews.kz.
Полицейлер 27 жастағы жігітті ұстаған. Оған қатысты ҚР ҚК-нің 194-бабы ("Бопсалау") бойынша қылмыстық іс тіркелді. Ол өз кінәсін толық мойындап, шетел азаматтарына шығынды өтеп берді. Ал туристер Қазақстан полициясына алғыс білдірді. Такси жүргізушісінің көлігі жол жүру ережелерін бұзғаны үшін және төленбеген айыппұлына байланысты арнайы тұраққа қойылды.
Еске салайық, бұған дейін үндістандық туристерді бопсалап 800 АҚШ долларын алған алмытылық такси жүргізушісі туралы жазған едік. 21 мамырда Алматы халықаралық әуежайы маңында жеке такси қызметін ұсынатын ер адам өз көлігіне Үндістаннан келген туристерді отырғызып, "қонақ үйге дейін 1 мың теңгеге апарып тастаймын" деген. Межелі жерге жеткенде ол туристерден 1 180 АҚШ долларын сұраған, бермеген жағдайда "сөмкелерді қайтармаймын" деп қоқан-лоқы көрсеткен. Сөйтіп шетелдіктер жүргізушіге 800 АҚШ долларын беруге мәжбүр болған. Үнді азаматтары бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасына шағым түсірген.