Тойдың 26 маусым күні өткенін анықталды.
ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Шу қаласында карантин кезінде "қыз ұзату" той жасаған мектеп директоры жауапқа тартылды, деп жазады kaz.nur.kz.
Әкімдік қызметкерлері әлеуметтік желіде мониторинг жүргізу барысында Жамбыл облысында орналасқан Шу қаласындағы мейрамханалардың бірінде отбасылық салтанатты шараның өткізілуі туралы бейнежазбаны байқаған.
Шу ауданының әкімдігі полиция бөлімі және тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті тойдың осы жылдың 26 маусым күні өткенін анықтады.
Осыған сәйкес, карантин режимін бұзып, мерекелік шара ұйымдастырғаны үшін ауданның 42 жастағы тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 30 АЕК (83 340 теңге) айыппұл салынған.
"Одан бөлек, іс-шараны ұйымдастырушы Шу ауданы Төле би ауылындағы оқу орындарының бірінде директор болып қызмет ететіні белгілі болды. Бүгін ол кезекті еңбек демалысында. Демалыс аяқталғаннан кейін тәртіптік комиссиямен оның атқарып отырған лауазымына сәйкестігі туралы мәселе қаралады", - делінген хабарламада.
Сонымен қатар отбасылық шара өткен мекеме де Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны айтылды.