"Шын сүйдім": Өзгенің әйелін төсекке итермеледі деген молда мән-жайды жайып салды

0
20 414

Әлеуметтік желіде жария болған оқиға дүйім жұрттың жағасын ұстатты.


сурет: видеодан скриншот

ERNUR.KZ. Алматы облысында ауыл молдасы отбасылы әйелді төсекке сүйреп, ақыры өз-өзіне қол салуға мәжбүрлеген. Осылай деп марқұмның күйеуі үндеу жасады. Алайда, бұған қатысты молданың пікірі мүлдем басқа, деп хабарлайды Еуразия бірінші арнасы.

Келіншекпен бірнеше жылдан бері араларында сезім болғанын жасырмаған ол жағдайдың бұлай аяқталатынын білмедім деп отыр. Расымен оқиға қалай болған? Үш баласын анасыз қалдырған әйелдің жасырғаны бар ма?

Әлеуметтік желіге жария болған осы бір үндеу дүйім жұрттың жағасын ұстатты. Сұмдық оқиға Алматы облысының Ескелді ауданына қарасты Қайнарлы елді мекенінде болған. Ауылдың имамы атанған Қадыр деген діндәр жігіт екі үйдің біріндей болып, отбасымен араласып жүрген Есқат есімді азаматтың әйелімен көңіл жарастырған деген қауесет бар.

"Сәуір айының 4 күні түнде сағат 1-де байқадым, соткасына сообщение келіп тұр екен. Әйелімнен соткасын берші деп едім бермеді, сосын жұлым алдым да көрсем, Имамның «Жаным, шықшы сөйлесейік» деген сөзі келіп тұр екен. Әйеліме «шығам» деп жаз дедім. Әйелім жазды, шықтым. Ол летний үйде жатыр екен күтіп. Сосын сол жерден ұстап алдымда екі рет ұрдым. Ол қашты, сол күйі қашып кетті", - дейді марқұмның күйеуі ЕСХАТ ӘЙНЕКБЕКҰЛЫ.

Сол түні қашып құтылған имам артынан телефон арқылы досы Есхаттан соңғы сөзін айтып, кешірім сұрапты. Бірақ, артынан сертінен тайып, тағы да оның келіншегі Нұрғизаттың мазасын алған көрінеді. Тіпті, менен бас тартсаң, соңы былай болады деп бопсалап, видео да жіберіпті.

“Сені қатты жақсы көргенім осы күйге апарды. Міне осы күйде жатырмын қазір. Қандай қиындық келе жатқанын өзің де білесің. Рас осы күйде. Осы азапқа душар болдым мен. Қазір менің жағдайымды көрші өзің. Жағдайым не болып жатқанын сезінсең"...

Осындай видеоларды жіберген соң амалы таусылған Нұрғизат күйеуінің көзіне шөп салғысы келмейтінін, ешкімге де жар болғысы келмейтінін айтып, аудиожазба жодаған имамға.

"Өлімнен басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Қазір болмаса да біраз күннен кейін өлем. Мен осыған бекідім. Мен адам болмаймын".

Гәптің бәрі мешітте ұйымдастырылған «99 есім» деген курстан басталған. Ауыл келіншектеріне осындай сабақ өткізіп, сауап алмақ болған дін өкілінің ойы бұзылып, досының келіншегіне аңсары ауыпты.

“Күйеуі имамның көмекшісі болған. Бірге араласып, мешітте бірге жүріп, екеуі дос болған адамадар. Есхаттың марқұм әйелі, бір жетідей 99 пайғамбардың атын мешітке барып оқып жүрген. Содан басталған дейді арасындағы қарым қатынастары” - дейді Қайнарлы ауылдық округінің әкімі ИМАНҒАЛИ ҚҰРБАЙҰЛЫ.

Ауыл имамы болған Қадыр Әнбия негізі Қытайдан көшіп келген. Діндәр жігіттің келгеніне қуанып, жергілікті билік үй салуға жер беріпті. Бірақ ауылды ұйытуға емес іріткі салуға келгенін кім білген...

“Күйеуі Есхат мал бағуға Үштөбеге кеткен дейді. Сол жақта жүргенде, әйелі тағы хабарласыпты, мынау менің мазамды алды, мені алып кет деп. Сосын Есхат бауырыма айттым дейді, барып киімдерін жинай бер Үштөбеге алып кетеміз деп. Сол кезде бауырының көлігі сынып қалып, дәл сол күні келмей қалыпты. Дәл сол түні осы жағдай болған” - дейді Қайнарлы ауылдық округінің әкімі ИМАНҒАЛИ ҚҰРБАЙҰЛЫ.

Күндіз имам, ал түнде әйелдердің есігін аңдитын "дон жуанның" әрекетіне ауылдастары сенер сенбесін білмейді. Досының келіншегі Нұрғизат өзіне қол жұмсаған күні Қайнарлыдан көшіп кетіпті.

“Ана келіншек өлді, асылып таңертең. Содан кейін жұма намазын оқыды дейді, мешітте. Кейін кешкісін кетіп қалды” - көршісі ІСЛАМБЕК МӘЛІК.

“Жасаған нәрсесін қолымен, мойнымен , басымен көтеру керек. Білмеймін енді. Бақандай бір отбасын нетіп отыр енді. Жылатып, еңіретіп қойды енді. Оңай емес қой” - дейді көршісі МЕРУЕРТ БЕКҚОЖАНОВА.

Бір отбасының шырқын бұзып, бір ауылдың құтын қашырған имам досының әйеліне ғашық болғанын жасырмайды. Әйелімен бірнеше жыл отасса да бала сүйе алмапты. Екеуі талайы рет сыр ақтарыпты. Нұрғизат сүйген жігітіне қосыл алмай, Есхатқа үлкендердің кеңесімен тұрмысқа шыққанында да айтыпты.

“Махаббат шын, сүйдім, шын жақсы көрдім. Басында сөйлестік, сөйлесіп жүрдік, кейін расында бір-бірімізді сүйіп, ол кісі де марқұм айтқан сөздері бар. Ол кісіні қаралағандай болмайық, күйеуінен талақ сұраған, менімен тұрмысқа шығатын жағын айтқан”, - дейді Қайнарлы ауылының бұрынғы молдасы ҚАДЫР ӘНБИЯ.

Ал Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы бұл сұмдық жағдайға қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бар айтқандары, имамды ауыл тұрғындары өздері сайлап алған екен. Діни басқарма тарапынан бекітілмепті. Сондай-ақ, ауылдағы мешіттің де толық құжаттары рәсімделмеген. Қазір осы оқиғаға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

“Қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде қылмыстық іс Алматы облыстық ІІД Ескелді полиция бөлімінде тергелуде. Қылмыстық іс бойынша алдын ала тергеу кезінде іс бойынша сараптамалар тағайындалды, куәлар сұралды және басқада тергеу амалдар жүргізілуде” - дейді Алматы облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының басшысы ЖАНАТ САРҚЫТОВ.

Марқұм келіншектің артында жәутеңдеп үш бала қалды. Екеуі мектеп жасында, кенжесі 2017 жылы дүние келген. Имам әрі досының қорлығына шыдай алмаған Есхат құзырлы органдардан діннің атын жамылған жігітке әділ жаза кесуін сұрайды. Себебі, молда да адвокат жалдап жатқан көрінеді.