СҚО-да 4 мың түрлі иіс сақталған одорология базасы бар

0
912

Қазір одорологиялық база жанынан құрылған зертханада екі ит үйретіліп жатыр.


СҚО-да 4 мың түрлі иіс сақталған одорология базасы бар

ERNUR.KZ. Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері он жылдан артық төрт мың түрлі иісті жинап, одорологиялық база құрды, деп жазады ҚазАқпарат.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, одорологиялық база жедел-криминалистік басқармада құрылған.

«Одорология – иіс туралы ғылым. Ол бірнеше бағытқа бөлінген: медициналық, психологиялық және криминалистикалық. Тәртіп сақшылары негізінен осы үшінші бағытымен жұмыс істейді. Полицейлер бұл базаны 2009 жылы құрды. Қазір мұнда 4025 түрлі иіс сақталған. 197 зерттеу жүргізіліп, барлығында оң нәтиже алынды. Қазір мұндай зерттеулер жүргізілмейді. Өйткені иісшіл иттер қартайып, олардың орнына басқаларын алдық», - дейді СҚО ПД жедел-криминалистік басқарманың басшысы Игорь Семенов.

Қазір одорологиялық база жанынан құрылған зертханада екі ит үйретіліп жатыр. Олар екі жасар орыс спаниелі Дейзи мен Альфа атты үш жастағы неміс овчаркасы.

Иттер криминалист Талғат Мүсіпов пен инспектор-кинолог Николай Железновтың қамқорлығында. Былтыр олар Алматыдағы Ішкі істер министрлігінің кинологиялық орталығында білімдерін шыңдап келді.

Иісшіл иттер дайын болғаннан кейін оларды қылмыс орнында биодетектор ретінде қолданатын болады.

Мамандардың айтуынша, жыл басынан қылмыстарды ашуға иісшіл иттер шамамен 500 рет қолданылған. Оның 163-і есірткі қылмысына қатысты. Нәтижесінде 323 келі түрлі есірткі заттары тәркіленді.

Сондай-ақ полицейлер иттерді қолдану арқылы 18 тонауды және 354 ұрлықты ашты.