Сот бұрынғы әйелін ұрған атыраулық экс-әкімнің жазасын жеңілдетті

0
224

Мамыр айында Ибрагимовтың бұрынғы әйелі өзін экс-күйеуі ұрып-соққанын айтып, шағымданған.


Сот бұрынғы әйелін ұрған атыраулық экс-әкімнің жазасын жеңілдетті

ERNUR.KZ. Апелляция Атырау облысы Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовқа қатысты бірінші сатыдағы сот үкімін өзгертті, деп жазады ulysmedia.kz.

Іс апелляциялық алқаға жәбірленуші және қорғау тарабының шағымдары, сондай-ақ прокурордың өтінішхаты бойынша түскен.

“Сот алқасы іс материалдарын зерделеп, И.-дің қылмыс жасаудағы кінәсі жәбірленушінің жауаптарымен, сот-дәрігерлік сараптама қортындысымен дәлелденді деген тұжырымға келді. Алқа “кінәлі адамға көрінеу белгілі материалдық жағынан тәуелді адамға қатысты” саралау белгісі дұрыс тағылмаған деп шешті. Жәбірленушінің сотталғанға материалдық тәуелділігі туралы дәлел ұсынылмады. Жәбірленушінің кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырғаны, оның шотына ақша түскені туралы құжаттар ұсынылды. Осыған байланысты, И.-дің әрекеті ҚК-тің 107-бабының 1-бөлігіне қайта сараланды” делінген сот хабарламасында.

Осылайша, сот экс-әкімнің әйелін күйеуіне материалдық тұрғыда тәуелді болмаған деп тауып, айыпталушының бас бостандығын 2 жыл мерзімге шектеу, 2 415 000 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.

“Жәбірленушінің моральдық шығын өндіру туралы азаматтық талап қоюы ішінара қанағаттандырылды: сотталушыдан 2 млн. теңге моральдық зиян өтемақысы өндірілді” делінген хабарламада.

Мамыр айында Ибрагимовтың бұрынғы әйелі өзін экс-күйеуі ұрып-соққанын айтып, шағымданған. Жәбірленуші Ақмарал Үмбетқалиеваның айтуынша, күйеуі бірге тұрған 11 жыл бойы балаларының көзінше таяқтап келген. Ибрагимовтың өзі бұрынғы әйелінің айтқандарын “жала” деді.