Статистика: Тоғыз айда 900 әйел жатыр мойны рагынан көз жұмған

0
960

Барлығы уақтылы дәрігерге қаралмаған.


Статистика: Тоғыз айда 900 әйел жатыр мойны рагынан көз жұмған

ERNUR.KZ. Отандық онкологтар жатыр мойны обырынан небәрі 9 айда 900 әйелдің көз жұмғанын айтып отыр. Қайтыс болғандардың дені 30-дан жаңа асқан қыз-келіншектер, деп хабарлайды ktk.kz.

Барлығы уақтылы дәрігерге қаралмаған. Дәрігерлердің айтуынша, көбі жұмысбастылықты алға тартады екен. Сондықтан да онкологтар әдейі демалыс күнді таңдап, әйелдерді тегін тексерістен қалмауға шақырды.

Кітаптан бас алмағанымен, бұл әйелдердің ойы сан-сақта. Әсіресе Ольга Князеваның. Жатырдың қатерлі ісігіне шалдыққанын ол күні кеше білген. Денесін басқан әлсіздікті қарттық деп қабылдап, жүре беріпті. Тек қан кеткенде ғана дәрігерге тұра жүгірген.

- Біраз уақыт делсал болып жүрдім. Шаршағандық болар деп аса мән бермедім. Бәрі табан асты болды. Бір ажалдан аман қалғанымды енді түсініп отырмын, - дейді Ольга Княева.

Абырой болғанда ауруы дер кезінде анықталып, отасы сәтті өткен. Енді ол зертхананың соңғы қорытындысын күтіп отыр. Бірақ, Ольга секілді әйелдердің барлығының бірдей жолы болып жатқан жоқ.

- Биылғы жылы 1800 жаңа ауру табылды. Оның ішінде жартысы осы бір жылдың ішінде қайтыс болып жатыр. Біріншіден – дәрігерге қаралмағандықтан. Жыныстық қатынастағы әйелдердің барлығы жылына бір рет онкоцетологиялық тексеруден өту тиіс, - дейді Қазақ ұлттық медициналық университеті онкология кафедрасының доценті Толқын Садықова.

Тексеруден өту қажеттілігі туралы онкологтар жылда қайталайды. Бірақ қыз-келіншектер денсаулығына селқос қарайды. Соның кесірінен кесел де дендеген. Ал статистика жаға ұстатады. Онкологтар келтірген мәліметке сенсек, жатыр мойны ісігінен - 600, жатыр денесі рагынан - 200, ал аналық без обырынан 450 әйел жылда көз жұмады екен. Биыл үдей түскен. Науқастардың туыстарына қаралы хабар айтудан әбден мезі болған ақ халаттылар әйелдерді етек-жеңді жиюға шақырды.

- Әйелдер көбінесе жұмыстан қолымыз босамайды деп тексеруге келмей қояды. Сондықтан әдейі осы сенбі күні жаппай ашық есік күнін өткізгіміз келіп отыр. Сағат таңғы 9дан 14:00ге дейін еліміздің барлық онкологиялық диспасерлері қыз-келіншшектерге есігін айқара ашады. Келіңіздер! Апаңызды, анаңызды алып келіңіздер!, - деді ДСМ Бас онкологы Диляра Қайдарова.

21-ші қыркүйекте еліміздің кез келген онкологиялық диспасерінде қыз-келіншектер тексеруден тегін өте алады.