Ырғыз ауданындағы Жайсаңбай ауылында тасжол қатынасы мамыр айында үзілді.
ERNUR.KZ. Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Жайсаңбай ауылының тұрғындары үш айдан бері қайықпен қатынап жүр. Ауылда су деңгейі өз мөлшерінен 1 метр түскенімен, әлі 70-80 см кетуі керек. Тұрғындар кейде қайыққа бензин құю үшін өз қалтасынан ақша шығарады. Мұнда жанар-жағармайдың литрі – 250 теңге, деп жазады inform.kz.
Ырғыз ауданындағы Жайсаңбай ауылында тасжол қатынасы мамыр айында үзілді. Содан бері мұнда төтенше жағдайлар қызметі кезекшілік құрып, тұрғындарды судан өткізу міндетін алған. Қазір ауылда екі маторлы қайық бар.
- Су деңгейі түсіп келеді. Өз арнасынан шамамен 1 метр 88 см дейін көтеріліп еді. Соның 1 метрі түсті. Енді 70 см түссе деп отырмыз. Бір айдың көлемінде өз арнасына түсуі мүмкін. Тұрғындар ауылға жақын маңға дейін көлікпен келеді, ал өткелден қайыққа мініп өтеді,- деді Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Руслан Қобанов.
Бұл ауыл қазір арал секілді су ортасында тұр. Барлығы 74 үйде 400-ден астам адам тұрады.
- Қайықпен тасымалдау таңертең сағат 6:00-де басталады. Содан кешкі 20:00-21:00-ге дейін жұмыс істейді. Бір бағытқа 45 минут уақыт керек. Екі аралыққа 1 сағат 30 минут жұмсайды. Қазір жол ашу үшін суды бөгеуге болмайды. Егер суды бөгесе, ауыл суға кетуі мүмкін. Жайсаңбайда жарты ай тәрізді су өтетін еді. Су көп болып, қарама-қарсы жағына өтіп, ауыл ортада қалып тұр. Бірнеше шақырымдық жерге ештеңе істей алмаймыз, - деді Руслан Қобанов.
Ауыл тұрғындары қайықпен қатынау қиындық туғызатынын, әр рейс үшін жанар-жағармай сатып алатынын айтты.
- Ауылдағы қатынас қиын екені жасырын емес. Алдымен қайыққа бензин құямыз. Оның 1 литрі 250 теңге. Бір бағыт үшін 10 литр керек. 1 қайыққа 8 адамнан артық алмайды. Кейде қажет болса 2-3 адам болып кетеміз. Содан түскен соң көлік те керек. УАЗ көлігіне 50-60 мың береміз. Онда 10-12 орын бар. Мұның бәрі ауыл адамдары үшін шығын болып тұр. Тамақ тасу да оңғайға соқпайды мұндайда, - деді ауыл тұрғыны Базаргүл Бекетаева.
Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазір екі қайық қызмет етіп жүр. ТЖД қызметкерінің ас-суы мен бензинді жергілікті атқарушы орган беруі тиіс. Ал ауыл әкімдігі кей кезде тұрғындар өз қалтасынан ақша шығарып, бензин алатынын жасырмады.
- Су тасқыны болған кезде жанар-жағармай тонналап келді. Бір күнде 300-500 литр бензин тұтынды. Маусым айында 500 литр берді. Шілдеде мен еңбек демалысында болған соң нақты білмеймін. Тұрғындар жанымыздағы Тәуіп ауылына қонаққа барады. Оның бәрін төлеп беруі керек пе? Қазір төтенше жағдайлар қызметкерлерін баспанамен қамтып отырмыз. Осы адамдарға деп әкімдіктен ақша бөлмеді. Оны мен өз еңбекақымнан беремін бе? Бензин жеткіліксіз, - деді Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Руслан Қобанов.