Суды үнемді пайдалану жолдары талқыланды

0
1 352


Суды үнемді пайдалану жолдары талқыланды

Бірер күн бұрын еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласында суды үнемді пайдалану тетіктерін қарастыру масатында маңызды мәжіліс өтті. Парламент Сенатының депутаттары, барлық деңгейдегің мәслихат депутаттары, гидрология саласының мамандары мен сарапшылары, халықаралық зерттеу орталықтарының мамандары қатысқан жиынға Сенат Төрағасы Әшімбаев Мәулен төрағалық етіп, бірнеше спикер аталған проблемаға қатысы маңызды ойларын айтты. Олардың көшін Сенат Спикерінің өзі бастап, Қазақстандағы су саласының бүгінгі жай-күйіне тереңдеп бойлады.


Мәулен Сағатханұлының сөзіне сүйенсек, бүгінгі күнге дейін аталған салада көптеген жұмыстар атқарылғанымен, түйіні тарқатылмаған проблемалар әлі де жеткілікті екен. Айтуынша, ағын суды былай алғанда, еліміздің төрт жүз мыңға жуық тұрғыны сапалы ауызсуға жарымай отырған көрінеді. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратын халықтың жағдайы күрделі. Одан бөлек, судың сапасы мен су жеткізетін жүйелердің тозуына қатысты түйткілдер де көп.


Әшімбаев өз сөзінде ел Президентінің 2026 жылға дейін шалғайдағы ауылдарды түгел сапалы ауызсумен қамту туралы тапсырма бергенін айтып, бұл тапсырманы іске асыру үшін де бірер проблеманы шешу керек екенін жеткізді. Олар – бірнеше онжылдық бойы не жөндеу, не жаңарту көрмеген сумен жабдықтау нысандарын реттеу және басым бөлігі тоз-тоз болған техникаларды реттеу, судың бейберекет қолданылуын дұрыстау және нашарлап кеткен су сапасын көтеру.


Сондай-ақ, трансшекаралық өзендерді қолдануды айқындайтын нақты тетіктер бекітілмей, жасалған келісімшарт болса да кейбір аумақтарға қажетті су жетпей жататыны да айтылып, мұны шешу үшін арнайы жоспар жасау керектігі көтерілді. Мәулен Сағатханұлының айтуынша, жаңа кодексте суды қолдану және сақтауды қамтамасыз ететін уәкілетті органдардың ықпалын дұрыстап қараған жөн. Сонымен қатар, барлық елді мекендерді сапалы сумен қамтамасыз етуге бағытталатын инвестициялардың алдындағы кедергілерді жоюдың маңызы зор болмақ. Одан бөлек, пайдаланылған ағынсуды қайта қолданысқа енгізу тетіктерін қарастыру, суды тиімді пайдалану жолдарын қарастыратын іс-шараларды қолға алу, су саласына заман талабына сай техникаларды енгізу жұмыстарын ілгерілеткен абзал.


Ал, жиынған қатысқан Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов ведомствоны тұрақты даму мақсатында атқарып жатқан негізгі іс-шараларына тоқталды.


«Бірінші – барлығына қауіпсіз және сапалы ауызсумен бірдей әрі тең қамтамасыз ету бойынша 800-ден астам елді мекендегі 1,5 миллион халық ауызсумен қамтылады. Сапалы ауызсумен қамту жобаларын жақын арада қолға аламыз деп жоспарлап отырмыз. Былтыр министрліктің инспекцияларына суды қолдануға рұқсат алу үшін 1900-ден астам өтініш түсіп, оның 1300-ден астамына ғана рұқсат берілген. Ел аумағындағы су көздерін қорғау мақсатында инспекция қызметкерлерінің саны бір жарым есеге көбейтілді. Жаңадан қабылданғалы жатқан «Су кодексінде» де инспекция қызметерлеріне арнайы құзіреттер берілмек», - дейді министр.


Сондай-ақ, жиын барысында Түркістан облысының әкімі де сөз кезегін алып, су тапшылығы өте жиі орын алатын өңірдегі біршама жұмыспен таныстырды. Дархан Сатыбалдының айтуынша, өткен жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінде оң өсім сақталып қалған. Тиісінше, жалпы өңірлік өнім көлемі 3,8 триллион теңгені құраса, өнеркәсіп саласындағы өнім көлемі бірінші рет бір триллион теңгеден асып түскен екен. Бұл тарихи көрсеткіштің орын алуына сүт, тамақ пен тоқыма өнімдерінің өндірісі ерекше әсерін тигізген. Ал, өңдеу өнеркәсібі саласын ілгерілету бағыты бойынша жоспарланған жиырма жоба жүзеге асырылып, 30 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 600-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылған. Ал, ауыл шаруашылығы саласындағы өнім көлемі 1,2 триллион теңгені құрап, ел көлемінде бірінші орынға шыққан. Өз кезегінде бұл салаға 110 миллиард теңге көлемінде инвестиция құйылған.

«Нарықты отандық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында жоспарланған 25 жоба толық жүзеге асты (инвестиция көлемі – 17,1 миллиард теңге, ашылған жұмыс орны - 536). Жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда. Қарқынды бау көлемі 5 781 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 350 центнерге дейін өнім жиналды (бұрын 60-70 центнер жиналатын болған). Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім алынды. Жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктеріне қол жеткізіп, жылытуға арналған ресурстардың шығынын субсидиялау ережесі бекітілді. Қабылданған стандартқа сәйкес, өндірушіден тікелей көмір сатып алу келісіліп, қажетті отынды бір орталықтан тасымалдау үшін арнайы кооператив құрылды. Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы алты бағытта іске асырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 миллиард теңге бөлініп, 3 200-ден астам жобаға қаржы берілді. Соны арқасында өңірде үш жарым мыңнан аса жаңа жұмыс орны құрылды. Түркістан өңіріндегі халықтың сексен 80 пайызы ауылдық жерлерде тұратындықтан, облыс тұрғындары үшін осындай жобалардың маңызы зор. Шағын және орта бизнес саласын дамыту үшін облыс климаты өте қолайлы. Тиісінше қазір өңірде 200-ден астам кәсіпкерлік нысаны жұмыс істеп, былтыр 1,6 триллион теңгенің өнімін өндірді. Өңір экономикасына 972 миллиард теңге инвестиция тартылып, көлемі 1,3 есеге көбейді. Өткен жылға жоспарланған 56 инвест-жобаның барлығы іске асырылды. Құрылыс көлемі, 407,5 миллиард теңгені құрап, көлемі 900 мың шаршы метрге жуық тұрғынүй өолдануға беріліп, үш мыңға тарта жанұя баспаналы болды. Орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтамасыз етілген елді мекендер саны 739-ды құрап, қамту деңгейі 88 пайыздан асты. Биыл тағы отызға жуық ауылға ауызсу құбарлары тартылып, 13 елдімекендегі су жүүйесі жаңартылады. Соның арқасында облыс халқын ауызсумен қамту көрсеткішін 92 пайыздан асырмақпыз. Өткен жылы елуге жуық ауылға табиғи газ берілсе, биыл отыздан астам ауылға көгілдір отын жеткізілмек. Жалпы, облыстың әлеуметтік-экономикалық тқрғыдан өркендеуіне толықтай талдау жасалып, арнайы жоспар түзілді. Нәтижесінде кірісті көбейтіп, бюджетті молайтататын 145 жоба жоспарланды. Бұл жобалар биылдан бастап 2027 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде жаңадан 17 000 жұмыс орны қүрылып, өңірлік өнім көлемі екі есеге артады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар, өңірде былтыр бірнеше су қоймасы салынды. Алдағы уақытта да су қоймаларының құрылысы жүргізіледі», - деді Түркістан облысының әкімі Дархан Амангелдіұлы.


Одан бөлек, жиында Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова сөз кезегін алып, су сапасының халық денсаулығына тигізіп жатқан әсері жайлы баяндады. Сонымен қатар, министрлі өзге де ведомстволармен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, «Су кодексін» әзірлеуге атсалысып жатқандығын жеткізді.


Ал, сенатор Әли Бектаевтың айтуынша, қазіргі таңда әлем бойынша 2 млрд. адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отыр екен. Өкінішке қарай, осы және өзге де проблемалар Қазақстанға да тікелей қатысты. Тіпті, бірнеше өңірдің алдағы уақытта аталған проблемадан зардап шегу қаупі өте жоғары саналады. Ал, ғалымдар 2030 жылға қарай Қазақстандағы су көздерінің 15 пайызға дейін азаятынын айтып жатқан көрінеді.

«Сонымен қатар, Біріккен ұлттар ұйымының деректеріне сәйкес, 20 жылдан кейін Қазақстанда су тұтыну 56 пайызға артып, су тапшылығы жылына 20 текше шақырымды құрайды. Қазақстандағы қолжетімді тұщы су көздерінен түсетін салық жылдан-жылға артып келе жатыр. Дегенмен елімізде сарқынды суларды тазарту, тұщы суды өндіру және суды тұтынудың тапшылығын реттеу сияқты бағыттарда проблемалар баршылық. Қазақстан 2050 жылға дейін сапалы ауызсумен қамтуды 100 пайызға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл ауқымды жұмысты талап етеді. Сондай-ақ, ірі өндіріс орындары халыққа қажетті ауызсуға қарамай, өздеріне қажетті ресурсты жер астынан тартып алатын болса, бұл да проблеманы шешуге үлес болар еді. Ауылшаруашылығы саласында пайдаланылған ағынсуды қайта қолданысқа енгізу мәселесі қолға алынуы тиіс. Маңызды мәселенің бірі – су қолдану саласында жүйелі саясаттың болмауы. Жауапты мекемелер арасында байланыс нашар болғандықтан суды тиімді пайдалану көрсеткіші төмен. Жаңа «Су кодексі» осындай кемшіліктерді түзейді деп сенеміз. Келесі мәселе – трансшекаралық өзендерді тиімді қолданудың тетіктерін реттеу. Әр мемлекеттен бастау алатын өзендер арқылы келетін су көлемі әрбір елмен арада жасалған келісімге сәйкес реттеледі. Барлық көрші мемлекеттерде халық саны көбейіп, өндірісі ұлғайып, қажеттілік артып жатқанын бәріміз білеміз. Сондықтан бүгінгі жағдайларды ескере отырып, трансшекаралық суларды қолданудың барлығына ортақ жүйесін орнықтыру қажет. Біріккен ұлттар ұйымының өкілдері Орта Азия елдерінің суды көп тұтынатын елдер қатарына жататынын және мұнда ауылшаруашылығы дамыған басқа елдермен салыстырғанда су үш есе көп қолданылатынын атап өткен. Соның ішінде Қазақстан қажетті су көлемінің 62,7 пайызын пайдаланады. Осы орайда суды тиімті пайдалану тетіктерін қолдану – суармалы жер көлемін сақтап қалудың және өзге де проблемаларды реттеудің жолы екендігін түсінуіміз керек. Біз мәселелерді реттеу үшін қысқа мерзімде білікті мамандар даярлауымыз керек. Өйткені су саясатының барлық деңгейінде кадр жетіспеушілігі байқалады. Сонымен қатар, жоғарғы оқу орындарының оқытушыларына деген талапты күшейту керек. Су шаруашылығын қаржыландыру, басқару және дамыту үшін салаға инвестиция тарту қажет. Өйткені, бұл сала қазір тек бюджет есебінен қаржыланады. Суару жүйелері мен техникаларды реттеу үшін арнайы заң жобасы керек. Баға саясаты да шаруаларды қанағаттандыратындай болуы тиіс», - деді Әли Бектаев.


Су саясаты тереңінен қозғалға мәжілісте Ауыл шаруашылығы вице-министрі А.Сұлтанов, Экология және табиғи ресурстар вице-министрі М.Ошурбаев, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының өкілі К.Вавьерниа, «WATER HUB» халықаралық зерттеу орталығының директоры А.Рябцев өз пікірлерін айтып, маңызды мәселелерді жеткізді. Сәйкесінше, барлық баяндаманың қорытындысын шығарған парламенттегі мемлекеттік комиссия жауапты органдарға ұсыныстар жолдады.


Сонымен қатар, Түркістан қаласына іссапармен келген Сенат депутаттары облыстағы су тапшылығы проблемасын шешуде маңызды рөлге ие болып тұрған «Оранғай» су тазарту станциясына, нысанның жұмысымен танысты.


Б.Мейірханұлы,

ERNUR.KZ