Қазақстандық стартапер Мәскеуде жер астында көз жұмған 8 адамның өлімі үшін сотталды

0
104

Александр Ким Қазақстан азаматы, Конаев қаласының тумасы.


Фото: Валерий Шарифулин/ТАСС / Никита Дубас пен Александр Ким

ERNUR.KZ. Мәскеудің Мещан аудандық соты Александр Ким мен Никита Дубасты тиісінше 5,5 және 8,5 жылға бас бостандығынан айырды. 2023 жылы Неглинка өзенінің жерасты коллекторы арқылы өткен экскурсия кезінде сегіз адам қаза тапқан еді, деп жазады stan.kz.

Александр Ким Қазақстан азаматы, Конаев қаласының тумасы. Университеттен кейін Ресейде қалып, "Спутник" атты туристік онлайн-агрегатор стартапын ойлап тауып, құрастырған. Бұл платформада Мәскеудегі жерасты экскурсиясына билеттер сатылған.

Мұнда Никита Дубас аталған турдың тікелей ұйымдастырушысы. Тергеу мәліметінше, ол 2021 жылдан бастап 2023 жылға дейін мұндай экскурсияларды қадағалаушы органдармен келіспей өткізген.

Ким өз кінәсін мойындаған жоқ. Ол тек жарнама жариялауға арналған электронды алаң ұсынғанын айтып, турлардың өткізілуіне тікелей қатысы болмағанын мәлімдеді.

Сот екеуін де қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін қызмет көрсетіп, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соқты деп айыптады. Олар Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 238-бабы 3-бөлігіне сәйкес (Қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар мен өнімдерді өндіру, сақтау, тасымалдау не өткізу, сондай-ақ жұмыстарды орындау немесе қызметтер көрсету) деген айыппен кінәлі деп танылды.

Тергеу нұсқасы бойынша 2023 жылғы 20 тамызда 7 турист пен гид Константин Филиппов Неглинка өзенінің заңсыз жерасты экскурсиясына аттанған. Кенеттен жауған қатты жаңбыр салдарынан су деңгейі күрт көтеріліп, коллектор толығымен су астында қалған. Экскурсияға қатысқан барлық 8 адам, оның ішінде гид те қаза тапқан. Олардың денелерін іздеу жұмыстары екі күнге созылған.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде блогер Әлішер Елікбаев Ресейде әділетсіз сотталған досын қорғап, Ресейге барудың қауіпті екенін ескертті. Кимнің Қазақстандағы достары екі жыл бойы стартапер Александр Кимді босатуға тырысып, түрлі петициялар өткізген. Ким туристік турлар платформасы — Sputnik8.com-ды құрған.

2023 жылы Мәскеуде экскурсия кезінде 8 адам қайтыс болған соң, ұйымдастырушы ретінде қамауға алынды. Негізгі жауапты тұлға шетелге қашып кеткен еді. Қазақстанның СІМ Кимге консулдық көмек көрсетіп жатқанын растаған еді. Ким зардап шеккендермен келісімге келіп, өтемақы төлеген. Желі қолданушылары Ресейге сапардың қауіпті екенін айтып, ондай шешімді сынға алды.