Тал-теректі суарудың жаңа тәсілі оң нәтиже бере ала ма?

0
1 317

Биылғы жылы Ақтөбе қаласында жасыл желекті суалтудың жаңа әдісін жүзеге асыру қолға алынды.


Тал-теректі суарудың жаңа тәсілі оң нәтиже бере ала ма?

ERNUR.KZ. Израиль елінен жеткізілген жаңа технология тал-теректер мен саябақтарды тамшылатып суару әдісіне негізделген. Бұл істі облыс орталығындағы «КХ Эльмира» кәсіпорны қолға алып отыр, деп жазады egemen.kz.

Ақтөбе қаласы мен оның маңайы жартылай шөлейтті аумақта орналасқаны жасырын емес. Бұл жәйт тал-теректердің көкке бой созып өсуіне теріс әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ табиғатты қорғау жөніндегі геодезист маман-ғалымдардың пікірінше мұндағы жерасты топырақ қабаттары мен шөгінділерінде жасыл желектің жайқалып, қаулап өсуіне ырық бере қоймайтын түзілістер де жоқ емес. Әйтсе де ұдайы күтім жасалып, суару нормалары дұрыс сақталған жағдайда кері табиғи факторларға қарамастан ағаштардың жақсы өсетіні ешқандай талас туғызбайды.

Жаңа тәсілдің бұған дейін қолданылып келген көлдетіп суару жүйесінен өзгешелігі мен артышылығы қандай? Сала жетекшілерінің деректеріне сүйенсек, 70 метр тереңдікте орнатылған сорғы, автоматты түрде іске қосылып, ағаштардың және көгалдар мен гүлзарлардың өз уақытында әрі тұрақты түрде сумен қамтылуына мүмкіндік туғызады. Олардың ойынша бұл тәсіл су таситын көліктердің көмегімен суарғаннан гөрі әлдеқайда тиімді, әрі әлдеқайда тиімді.

Израильдық әдіске бағытталған технолгиялар ағаштардың тамырына күн сайын 100 текше метрден астам су сіңіре алады екен. Ақтөбе қаласында алдағы уақытта осындай тамшылатын суару әдісіне арқа сүйейтін сегіз жобаны іске асыру көзделген. Оның толықтай жүзеге асуы жаңа суару тәсілінің алғашқы нәтижелеріне байланысты болмақ.

Осы тақырып аясында Ақтөбе қаласында орын алып жүрген кейбір келеңсіздіктерді айта кетудің де орайы келіп тұрғандай. Мұның басты сыры күз бен көктем айларында өкілетті ұйымдар тарапынан пәленбай мың түп тал-теректер егілді деген кең пафосқа толы ақпараттар мен рапорттар берілетінінде. Кейін жас өскіндердің өсуіне тиісті күтім жасалмай, қурап қалатынында. Мұндай бос мақтаншылық пен құр дабыра жағдайында Ақтөбеде жасыл желектің тез жайқалып өсе қоюы екіталай. Ағаштарды екеннен кейін онгы дер кезінде суару мен күтіп-баптаудың тағы бір тиімділігі өте мол екені мәлім. Осы орайда тұрғындардың жаппай тал-терек егу ен өсіру мәдениетін бойларына сіңіре алмай жүргені де қынжылтпай қоймайды. Мұндай жағдайда мегополис қала атануға үміткер болып отырған Ақтөбе өзге жағынан емес, көшелер мен алаңдарды жасыл желекке орау мен көгалдандыру тұрғысынан «бір кем дүниеге» тап болмасына ешкім кепілдік бере алмайды.