Ескерткішті бұзған сәттің видеосы желіде тарады.
ERNUR.KZ. Талдықорғанда жаппай тәртіпсіздік барысында наразылық білдірушілер қиратқан Елбасы ескерткішінің "тағдыры" не болатыны белгісіз. Билік әзірше мүсіннің сынықтарын қалалық алаңнан шығарып қана қойды, деп жазады sputnik.kz
Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа арналған ескерткіш 2016 жылдың қарашасында Талдықорғанның орталық алаңында орнатылды. Бес жылдан астам уақыт тұрған ескерткішті демонстранттар 5 қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қиратты.
Ескерткішті бұзған сәттің видеосы желіде тарады. Кадрда астындағы тұғырдан арқанмен байланған мүсінді жүк көлігімен алып тастайды. Биіктігі төрт метрден астам ескерткіш бірнеше жерден сынып кетті. Бүлікшілер оны алаңда солай қалдырды.
Қала тұрғындарын, барлық қазақстандықты вандалдар қиратқан монумент қалпына келтіріле ме деген мәселе алаңдатады. Бүгін Алматы облыстық әкімдігі Елбасы ескерткішінің алдағы тағдыры туралы мәселені қарау кейінге өалдырылғанын хабарлады.
"Қазір Талдықорғанда қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Облыс әкімдігінің қираған ғимараты жөнделуде. Қалалық және облыстық полицияның әкімшілік ғимараттарына, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен басқа да мемлекеттік нысандарда жұмыс жүріп жатыр. Тұңғыш президенттің қираған ескерткіші жөніндегі шешімге келетін болсақ, бұл мәселеге кейінірек ораламыз. Бұл тақырыпты қаладағы барлық нысандар қалпына келтірілгеннен кейін ғана талқылаймыз", - деді Sputnik Қазақстанға Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қалқабаева.
Елбасы ескерткішін 2016 жылы мүсіншілер Қазыбек Жарылғапов (2019 жылы қайтыс болған) және Мирлан Азмағанбетов жасаған болатын. Биіктігі 8,5 метрден асады. Мүсін қоладан, ал тұғыр граниттен жасалған.
Талдықорғандағы ескерткіш Тұңғыш президент құрметіне қойылған елдегі екінші ескерткіш болды. Біріншісі Алматыда орнатылған, сондай-ақ оның барельефі елордадағы "Мәңгілік ел" монументінде бейнеленген.