Таразда алаяқтар қайтыс болған адамдардың үйлерін заңсыз иемденіп алған

0
490

Облыстық прокуратура 20 жылжымайтын мүлікті заңсыз иемдену фактілерін анықтады.


Таразда алаяқтар қайтыс болған адамдардың үйлерін заңсыз иемденіп алған

ERNUR.KZ. Таразда алаяқтар қайтыс болған немесе шетелге көшіп кеткен адамдардың үйлерін заңсыз иемденіп алған, деп жазады sputnik.kz.

Ведомство ақпаратынша, азаматтық істерді талдау нәтижелері бойынша облыс прокуратурасы нарықтық құны 300 млн теңгеден асатын 20 жылжымайтын мүлікке меншік құқығын заңсыз иемдену схемаларын анықтады.
"Қаскөйлер Тараз қаласында иелері қайтыс болған немесе басқа мемлекетке көшіп кеткен иесіз пәтерлер мен үйлерді анықтап, жалған құқық белгілейтін құжаттар жасап, басқа тұлғаларға сату мақсатында заңсыз иемденіп алған", - делінген хабарламада.
Алаяқтар сотқа қолдан жасалған құжаттарды ұсынған.
Облыс прокуратурасы пәтерлерді заңсыз иемдену фактілері бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша 6 қылмыстық істі тіркеді.
Былтыр 20 үйдің үшеуін иемденген бір адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал биыл екі пәтер үшін екі адамның 2 жылдан 4 жылға дейін бас бостандығы шектелді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Қалған 15 үй бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.

Қазіргі уақытта облыс прокуратурасының ұсынымы бойынша әкімдіктер жылжымайтын мүлікті мемлекет кірісіне қайтару жөнінде шаралар қабылдап жатыр.