Таразда қаны аз жас жігітке катетер салған соң оның қолы іріңдеп, көз жұмған (ФОТО)

0
127

Ернұрдың туыстары оның өліміне дәрігерлер кінәлі дейді.


Таразда қаны аз жас жігітке катетер салған соң оның қолы іріңдеп, көз жұмған (ФОТО)

Фото: instagram.com/aizhanaripzhanova

ERNUR.KZ. Тараз қаласында анемияның апластикалық түріне шалдыққан (адамның қаны аз болған соң қан айналымы бұзылатын сыртқат түрі – ред.) Ернұр Әбдулаеев 18 жасында көз жұмды. Оның туған әпкесі әлеуметтік желіде інісінің өліміне себеп болған факторларды атап, әділ тексеру сұраған, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Баланың әпкесі айтып отырғандай, Ернұр осы жылдың тамыз айының соңына таман емделу үшін ауруханаға барған. Туыстары дәрігерлерге баланың диагнозы бар екенін айтқан.

«2024 жылдың 27 тамызы күні Ернұр Жамбыл облыстық ауруханасына барған. Оны қабылдаған дәрігерлерге диагнозын айттық. Яғни, Ернұр анемияның апластикалық түріне шалдыққан. Сол күні дәрігерлер баланың ем-домына кірісті. Балаға дәрі егу үшін оның оң жақ қолына катетер салды. Негізі, Ернұр сияқты анемияның апластикалық түріне шалдыққан адамдарға катетерді не дәрігердің өзі қояды не катетер салынғанда дәрігер қарап тұруы керек. Бірақ, оған медбике катетер салған», - дейді қайғыдан қан жұтқан әпкесі.

Оның айтуынша, катетер қоя сала баланың оң қолы ісіп кеткен. Медбике оның орнын ауыстырып, баланың сол жақ қолына қойып берген.

«Үш күн бойы ініме катетер арқылы екпе салынды. Бірақ, медбике катетерді теріс салған, немесе ол тамырына кірмей, сыртта қалған. Немесе катетер тамырдан тайып, дәрі-дәрмек баланың терісіне құйыла берген», - дейді әпкесі.

Ең бастысы, бала катетер салған қолы ауырып, ашып жатқанын дәрігерлерге бірнеше мәрте айтқан екен. Бірақ, дәрігерлер «ауырғаны басылып кетеді, орнына май жаға бер» деген.


«Ернұр бұдан кейін қатты ауырды. 21 қазан мен 9 қараша аралығында Ернұрға ауру басатын дәрі ғана еге бердік. Оның сол жақ қолы әбден іріңдеп кетті. Екі ай бойы температурасы түскен жоқ, көз жұмғанша тек дәрі беріп отырдық», - дейді әпкесі.
Осы оқиғаны түгел баяндаған ол Жамбыл облысы көп салалы ауруханасының дәрігерлері өз жұмысына салғырт қарағандықтан інімнен айырылдым деп мәлімдеді. Біз облыстық денсаулық сақтау басқармасынан осы оқиға бойынша комментарий сұраттық.
«Науқас гематология бөлімінде бірнеше рет ем қабылдады. Ең соңғы рет 21 қазан мен 9 қараша аралығында қан ауруына (қатерлі түрі) байланысты ем қабылдады. Оны емдеген кезде анасы қасында болды, дәрігерлер күні-түні бақылауда ұстады. Баланың туыстарына оның сырқаты өте қауіпті екенін ескерткеміз», - деп хабарлады басқарма.

Жамбыл облысының полиция департаменті болса іске қатысты мәлімет дайындалып жатқанын хабарлады.