2024 жылдың 27 маусымы «Туған елге саяхат» жазғы танымдық-туристік пойызы жолға шығады.
12 күн ішінде балалар Астана, Бурабай, Алматы, Тараз, Түркістан, Байқоңыр аймақтарындағы танымал мәдени-тарихи орындарға барады, деп жазады ERNUR.KZ.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен жүзеге асырылатын әлеуметтік жоба екі маусымда өтіп, әр кезеңде 10-15 жас аралығындағы 200 баладан қамтитын болады.
«Балалар саяхат пойызындағы сапардан көкжиегі кеңейіп, жаңа достар табады, келесі оқу жылына күш-қуат жинап қайтады деген сенімдеміз. Оның үстіне биыл су басқан аймақтарға басымдық беріп отырмыз. Қандай жағдай болсын, біздің міндет – бақытты балалық шақты қамтамасыз ету», - дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Ағымдағы жылы су тасқыны болған өңірлерге басымдық беріліп, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасылардағы 200 бала қамтылады.
Сондай-ақ, Қордағы компаниялар тобының шалғай аудандардағы еншілес кәсіпорындары өндірістік кәсіп қызметкерлерінің көпбалалы және тұрмысы төмен, толық емес отбасыларда тәрбиеленіп жатқан 200 баласы жобаға қатысады. Барлығы 400 бала Қордың портфельдік компаниялары және тасқын судан зардап шеккен өңірлердегі әкімдіктер ұсынған тізімдер бойынша еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттайды. Саяхаттағы демалыстан басқа, жол бойы мектеп оқушыларымен тәлімгерлер мен педагогтар жұмыс істеп, қызығушылықтары бойынша үйірмелер, зияткерлік және спорттық ойындар ұйымдастырылады.
Екінші маусым 24 шілдеде басталып, жас саяхатшылар бірінші кезеңдегідей бағдарда Қазақстанды аралап, ой-өрісін ұзартады, жазғы каникулын әсерлі де пайдалы өткізуге мүмкіндік алады.