Тәуелсіздік даңғылындағы көпір келер жылы ашылады - елорда әкімі

0
570

Әкімнің мәліметінше, осы айда А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі аралықта қозғалыс қалпына келеді.


Тәуелсіздік даңғылындағы көпір келер жылы ашылады - елорда әкімі

ERNUR.KZ. Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпірді келесі жылы ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы Астана қаласының әкімі Алтай Көлгінов әлеуметтік желідегі ресми парақшасында мәлімдеді, деп жазады ҚазАқпарат.

«Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көпір құрылысының барысымен таныстым. Бұл көпір Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов көшесі, Қордай, Айнакөл, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Бұл көпірді 2023 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз.

Бұдан басқа, осы жылдың тамыз айында Ұлы дала даңғылындағы жаңа көпір үстіндегі қозғалысты аштық. Көпір Мәңгілік ел даңғылына, А. Байтұрсынов, Р. Қошқарбаев, Ж. Нәжімеденов көшелеріне, Nova City ауданына, «Мыңжылдық» аллеясында көлік ағынын сейілтуге, «Нұрлы жол» жаңа вокзалына, Тельман және Промышленный елді мекендеріне, Метро гипермаркетіне, Жұмабаев даңғылына және Жүргенов көшелеріне жету мүмкіндігін арттырады», - деп жазды Алтай Көлгінов өзінің Іnstagram парақшасында.

Әкімнің мәліметінше, осы айда А91 көшесінен Астана-Қарағанды тас жолына дейінгі аралықта қозғалыс қалпына келеді. Бұл көше Қарағанды тас жолы, «Нұрлы Жол» вокзалы және қаланың сол жағалауы арасындағы көлік қатынасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Алтай Көлгінов соңғы жылдары елорда маңындағы елді мекендерде 400-ден астам көше жөнделгенін атап өтті.