Temu мен Pinduoduo пайдаланушылар үшін жағымды жаңалық

0
167

Астанадағы хабта бондтық қойма ашылады.


Temu мен Pinduoduo пайдаланушылар үшін жағымды жаңалық

Фото: news.cgtn.com

ERNUR.KZ. Қазпошта келесі жылдан бастап Temu, Pinduoduo сияқты қытайлық маркетплейстермен бірге ынтымақтаспақ. Бұл туралы ұлттық оператор Басқарма төрайымы Әсел Жанасова Мәжілістің жалпы отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Зейнетақы, жәрдемақы, яғни тариф сіздерде 247 (ред. - ауылдарда зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді жеткізу қызметінің шығыны) теңге. Ал оның өзінің бағасы 477 (ред. – "Қазпошта" үшін қызметтің өзіндік құны) теңге. Сіздердің 2023 жылы 5 млрд теңгеге жуық шығындарыңыз бар. Бұл шығын азая ма, көбейе ме? Себебі сіздер келесі жылы ауылдарды көбейтеміз деп отырсыздар. Екінші сұрағыма келсек, сіздердің Астанадағы үлкен хабтарыңызда болдым. Бірақ бұл хаб, яғни қойма өте үлкен. Сіздер өте үлкен тарифпен ақша төлеп отырсыздар, бірақ оның қолданысы он-ақ пайызға толып тұр. Сіздердің жұмысшыларыңыздан да сұрадым, ол ешқашан да толмаған. Сіздерге сондай үлкен хаб керек пе?", - деді Мәжіліс депутаты Руслан Берденов.

"Қазпошта" АҚ Басқарма төрайымы Әсел Жанасованың сөзінше, 2023 жылы зейнетақы, жәрдемақы төлеу бойынша таза шығын 5 млрд теңгені құраған.

"Бүгін Қазақстан бойынша 350 адам осындай төлемдерді алып тұрады. 247 теңге – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бекітілген тарифтердің бірі. Бұл Қазпошта ғана емес, бұл барлық банктер алып отыратын тариф. Банктер онлайн аударымдар кезінде 150 теңге алады. Бірақ біздің тарифтеріміз 477 теңге болуы керек. Неге десек, бүгінде инкасаторлар, машиналар, жанармай бағасының өсуі үлкен шығынға алып келеді. Ақша болған соң біз қауіпсіздік стандарттарын қадағалауымыз керек. Сондықтан оның шығыны өзіндік құнын ақтаса, біз оны әрбір ауылға жеткізетін боламыз. Тариф жағынан қолдап жіберсеңіздер, оны әрі қарай жалғастырамыз. Себебі Қазпошта ғана ауылдарға жеткізеді", - деді Әсел Жанасова.

Ол Астанадағы хабқа қатысты да пікір білдірді.

"Пошта жөнелтімінің көбеюіне байланысты ол қойманы алғанбыз. Ол жерде (жөнелтімдер) келіп-кетеді ғой, сіз 10 пайызын ғана көргенсіз. Кейбір уақытта қойма қатты толып кетеді. Мысалы, маусымдық ерекшеліктер бар. Жаңа жылда, Black Friday кезінде сәлемдемелер көп келеді. Сонда толып кетіп, орын қалмайды. Екіншіден, бұл фулфилмент орталық. Келесі жылға Temu, Pinduoduo сияқты әлемдік маркетплейстермен бірге келіссөздер жүргізіп, осы жерде бондтық қойманы ашатын боламыз", - деді Әсел Жанасова.

Айта кету керек, Мәжілісте "Пошта туралы" заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.