"Бұрын пирамидаға кіріп кетіп еді, енді ғаламтор алаяғына алданып отыр"

0
424

"Жеңгемді қандай түлен түртіп, неліктен өзгергенін түсіне алмай далмыз"


Сурет: storage.myseldon.com

"Айтайын деп отырғаным – жеңгем жайлы. Олардың өміріне араласқым келмейді. Тірлігін жасаса, өздері үшін. Не кисе де, той-томалаққа барса да, тіпті ағамнан жасырып төркініне тасып жатса да, менің араласатын жөнім жоқ. Себебі мен ол үйден әлдеқашан кеткенадаммын. Бірақ соңғы кездерде ата-анамның жағдайы қатты алаңдатып жүр" - ақтаулық оқырман ERNUR.KZ тілшісіне отбасылық мәселенің мән-жайын баяндады.


"Бастапқыда жақсы көрініп, ылғи көзін төмен салып, сызылып шайын құйып, зыр жүгіріп тірлігін жасап жүрген жеңгемізге сүйсінгенбіз. Енді барлығымыз да ол үйден кетіп, өз жолымызды тапқан кезде қандай түлен түртіп, неліктен өзгергенін түсіне алмай далмыз.

Мүмкін, бес баламен шаршап та жүрген шығар, ата-анамыздың да кей мінездері келіндеріне жақпай қалатын шығар. Бәрі де мүмкін өмір болған соң. Бірақ адам тағдырын қабылдай білуі керек емес пе?!

Ал жеңгем неге күннен-күнге өзгеріп барады?! Ағам бір емес, екі-үш еркектің табысын бір өзі тауып, сұраған дүниесін әперіп, қыдыртып, көңіліне қарап-ақ жүр. Неге тапқан табысының берекесін кіргізіп, рахмет айтып, тыныш отырмайды?!

Ақшаны қалай жаратуды білмейді. О баста ағам табысын түгел әйелінің қолына ұстата салатын. Ақылмен жұмсаса мейлі-ау. Бірде пирамидаға кіріп кетіп, енді бірде ғаламтордың алаяқтарына алданып, миллиондарды жер жұтқызған. Тиынына дейін қалдырмай жұмсап тастайды. Сол үшін де бұл күнде оның қолына артық ақша ұстатпайды. Маңдай терімен тапқан әр тиынның өз есебі бар емес пе? Ал әйелі білмейді қадірін...

Ағамның ғана емес, «жұмыс істеймін», «төркініме барып келем», «құрбыларыммен отырыс бар» деп кетіп қалғанда балаларына қарап, тамағын дайындап, үй тірлігін шамасы жеткенше істеп отыратын анамның еңбегін де сыйламайды. Шаруа істеуге жарай ма, жарамай ма – онымен ісі жоқ, тамақ ішіп болған соң, ыдыстарды жумай, бір бұрышқа жинап қойса, сол күні айқай шығады екен үйде. Өзінің күні бойы қаңғырып келгенін міндетсініп, ыдыстарды сақырлатып жуып, ашуын балаларынан алып, берекені өзі қашырып отырғанға ұқсайды. Әкем не десін, келініне дауыс көтере ме? Анам сөйлесе, одан сайын өршеленіп кетеді екен. Ал отбасын асыраймын деп дала кезіп жүрген ағам кешке үйге келгенде көңілсіз көріністің, берекесіздік пен ұрыс-керістің ортасына тап келеді.

Ал балалар ше? Олардың жайын кім ойлайды? Анам «Балалар қорқып қалады. Басыл, ешкім саған шағым айтқан жоқ. Істесең өзің үшін, істемесең өзің білесің. Ыдысты жуып қоюға күшім қалса, сені осылай шыңғыртпай-ақ құлағымның тыныштығы үшін өзім істей салушы едім. Келіннің міндеті деп тамақ жасамай, балаларға қарамай, шашылып отырсам не істер едің? Бәрібір соны өзің жасайсың ғой. Мен өз балаларымды өсірдім, енді сен де өз балаңды өзің қара демей, көңіліңе қарап, бар айтқаныңды істеген сайын, сен түсінбеген екенсің» деп ренжиді."