"Ата-анам достарымен "құда боламыз" деп келіскен, ал қазір зардабын мен тартып жүрмін"

0
469

"Ұл-қызының алдында не күтіп тұрғанын, кімдердің бір-біріне бақ боп бұйырарын ешкім білмейді"


көрнекілік үшін сурет: yazyjy.ucoz.net

"Ата-анам менің кішкентай кезімнен бір достарымен «құда боламыз» деп уәделескен екен. Уәде дегенде нақты шешім емес, балаларымыз бір-біріне мақұл келсе біз қарсы болмаймыз, құда болып, достығымызды одан әрмен бекіте түсеміз деп ойлаған ғой..."

Осылай деген түркістандық оқырман ERNUR.KZ тілшісіне ересектердің шешімінің салдары қандай болғанын баяндады.


"Сол ниеттері шындыққа айналды. Ауылға демалысқа келген бетімде ұлдары мені алып қашты. Бір-бірімізді аса танымаймыз. Тек ата-аналарымыздың әңгімелері арқылы білетінбіз. Дос болып та араласпағанбыз. Аяқ астынан алып қашқан кезде біртүрлі болдым. Көнгім келмеді.

Бұл хабар ата-анама жеткен соң, олар достарына берген бұрынғы уәделерінен аттап кете алмай, амалы құрыған шығар. «Қызымыздың оқуы бар. Құда боламыз дегенде, екі жас бірін-бірі ұнатып тұрса, қарсылық білдірмейміз дегенбіз. Бірақ, қазір бұлар отбасын құруға асықпағаны жөн. Оқуы орта жолда үзіліп қалмасын» деген әкеме қайынатам «Еш уайымдама! Сенің қызың – менің қызым. Келінім демеймін, әрқашан менің қызымдай болып, көз алдымда өскен бала ғой. Біздің баланы да өзің жақсы білесің. Оқуы жайына қалмайды, өзім ары қарай оқытамын» деген уәдесін беріпті. Ақыры сол үйде басыма жаулық салып, келін атанып қала бердім.

Бірақ күйеуім бұл уәдеге берік болмады. Ата-енем «Келін оқуына барсын» дегенде «Қайдағы оқу? Енді бұл тұрмысқа шыққан келіншек емес пе? Оны оқуға жіберіп қойып мен қалай ауылда жатамын?» деп қарсы болды. «Онда сен де бірге бар қалаға» дегеніне тағы келіспейді. Әйтеуір ата-енем екі жақтап жүріп көндіріп, бізді қалаға жіберді.

Қатты қызғаншақ екен. Жұмыс істемей, мені сабаққа апарып-әкелумен, универ сыртында күтумен таңы атып, күні батты. Ал пәтерақы мен азық-түлікке ақшаны әке-шешелеріміз беріп тұрды.

Апта сайын демалыс күндері ауылға барып-келетінбіз. Енем баласына «Неге келе бересіңдер? Келін сабағына үлгермей қалады. Бізге алаңдамаңдар. Өзімнен артылар тірлік жоқ ауылда. Жазғы, қысқы демалыстарда келесіңдер ғой, әурелене бермеңдер. Ақшаларыңды да үнемдеп, келіп-кеткен жол кірелеріңе бір апталық азық-түлік аларсыңдар» деген жанашырлығын ол басқаша түсінді.

Маған шүйлігіп, «Сен анама не дедің? Сабағымнан қалып қоямын дедің бе? Неге келіндік міндетіңді атқарудан қашасың?» деп тиісетін. Жүйкем жұқарып кетті.

Ақыры мен шыдай алмадым. Бір жолыққанда ата-анама «Осылай да осылай. Менің өмірім қыспақта өтіп жатыр. Онымен бірге тұра алмаймын, ажырасамын» деп соңғы шешімімді айттым. Басында «Ондай-ондай болып тұрады, бірте-бірте үйренісесіңдер, қайтып бар» дей бастаған. Мен азар да безер болған соң, еріксіз келісті. Солай күйеуім артымнан іздеп келсе де, мен оған еріп кетпедім.

Ата-енем де түсінді. Ұлдарының маған деген қарым-қатынасының қандай екенін біледі, сондықтан, қатты қинамады.

Күйеуім екеуміз бір күн тату, бір күн араз боп жүріп өткізген жылдарда екі қызымыз дүниеге келген. Енді маған өз күнімді өзім көруім және перзенттерімді жетілдіруім керек. Сол үшін қызық қумай, сауық-сайран құрмай, тек жұмыспен күндерім өтуде.

Мен секілді тұрмыстық тауқыметті жалғыз көтеріп жүрген аналар жетерлік. Ешкім олардың қалай қиналатынына терең бойлағысы келмейді. «Әйел жақсы болса, ешқандай еркек ажыраспайды» деп бар кінәні әйелге аударып қоя салатын қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Бірақ мен ондай кереғар пікірлерге мән бермей, қыздарым үшін барымды салып, жақсы өмір сүруге талпынып жүрмін.

Бірақ, бұрынғы күйеуім маза бермей жүр. Екінші рет үйленсе де, бізге тыныштық жоқ. Алимент төлейтінін алға тартып, сенбі-жексенбі күндері қыздарды ауылға алып кетеді. Қыдыртып, керегін әперіп, тәтті-дәмдісін аузына тосса, қыздармен сөйлесіп-сырласса мақұл екен. Өйтпейді. Үйіне барғасын ары-бері жұмсаумен болады екен, оны қыздарымнан бөлек те біраз адамнан естіп жүрмін. Мені ашуландырғысы келіп, ерегесіп істейтін секілді.

Ата-аналарға жақсы ниетпен болса да ешкімге «құда боламыз» деп айтпауларын өтінгім келеді. Ұл-қызының алдында не күтіп тұрғанын, кімдердің бір-біріне бақ боп бұйырарын ешкім біле алмайды. Жақсы отбасы боп кетіп жатқандар да бар шығар. Бірақ кейбіреулер осы сөзді міндет деп түсінеді де, арада тағдырлар талқан болады, сыйластыққа сызат түседі. Одан да әр нәрсе өз орнында қалғаны дұрыс дер едім.

Одан бөлек, ұл тәрбиелеп отырған ата-аналарға айтқым келетіні – ер баланы жауапкершілік арқалауға үйретіңіздерші. Менің жағдайымда отбасы болуымыз ата-аналарымыздың сөзінен басталса да, негізгі шешуші қадамды қыздарымның әкесі жасады. Біздің отбасымыз соның ғана біржақты шешімімен құрылды. Мен көндім, әке-шешеміз келісті. Енді соған жауапкершілік алып, олқылығының орнын толтыруға тырыспай, керісінше, мені кінәлап, басыма әңгіртаяқ орнатқысы келді."