Тесті болмаса, босанған анаға баласын бермейді

0
951

Бұл талап аналар арасында үрей туғызуда.


Тесті болмаса, босанған анаға баласын бермейді

ERNUR.KZ. Жүкті аналар жас босанған аналардың әлеуметтік желіде бөліскен әңгімелерін талқылап жатыр, деп жазады inbusiness.kz.

Осының алдында тек ПТР-тестің теріс нәтижесін растайтын анықтамасы бар аналарды ғана перзентханалар қабылдайтыны жария етілген. Бұған айы-күні толып отырған, дегенмен коронавирустық инфекция тестілеуінен өте алмаған әйелдер наразы.

Себебі, Қазақстанда өз еркіңмен COVID-19 сынамасын тапсыру үшін шамамен он күн бұрын Call-орталыққа немесе емханаға қоңырау шалып, тіркелу қажет. Олар ұзын тізімге тіркейді және кезегі жеткенде хабарлайды. Бірақ іштегі сәби шенеуніктердің бюрократиясын мойындамайды, оның дүниеге келер мезеті бір Жаратқан Иеге ғана анық. Аналардың қарсылығына орай ұлт денсаулығына жауапты органдар басқа жолды тапқанға ұқсайды.

«Негізі, біздің білуімізше, перзентханаға түсу кезінде қолымызда ПТР-тест нәтижесі болуға тиіс екен. Ал егер ондай қағазы болмаса, бөбекті туа сала бұрынғыдай ана қойнына салмай, бөлек алып кетіп, оқшаулайды. Жас босанған әйелдің өзі сырқаттар жатқан ортақ палатаға көшіріледі дейді. Мұны болдырмау үшін өзім тіркелген емханаға жүгініп, ПТР-тест тапсыруға бағыттама беруін сұрадым. Алайда оны беруден бас тартты. Ақылы тапсырайын десем, ол өте қиын: біріншіден, барлық жерде қаптаған кезек, дүрліккен адамдар. Екіншіден, қалың топ арасында аяғы ауыр аналардың тұруы қауіпті емес пе. Үшіншіден, ақылы тест өткізуге материалдар жетіспейді деп жатыр», – дейді жүктіліктің 39-шы аптасындағы ана Нұргүл Еркінқызы.

Оның үстіне, ақылы сынама тапсырғаннан кейін 7 күн ішінде перзентханаға түспесе оның нәтижесі ары қарай жарамсыз болып қалады. Яғни, қайта тапсыру үшін әлгі азап жолынан, тар жол, тайғақ кешуден қайта өтуге тура келеді.

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрлігі талаптың қатайтылуы – мәжбүрлі шара екенін мәлім етті. Күн өткен сайын жүкті аналардың коронавирус жұқтыру оқиғалары көбейіп барады.

«Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің өткен аптадағы, 26 маусымдағы «Қазақстан халқы арасында коронавирустық инфекциямен ауырулардың алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» №43 қаулысының 33-ші қосымшасына сәйкес, стационарға жоспарлы госпитализацияланатын адамдар ПТР әдісімен зерттелуге жатады. Сонымен бірге, осы қаулының 24-тармағы бойынша COVID-19 инфекциясына ұқсас клиникалық белгілері бар жүкті аналар перзентхана ұйымдарына түссе, онда оларға бала туғызу бойынша медициналық көмек оқшауланған бөлмеде көрсетіледі. Бұл ретте індетке қарсы режим сақталады, әрі жеке қорғаныш құралдары қолданылуы керек», – деп түсіндірді ДСМ.

Ведомствоның мәліметінше, COVID-19 вирусы бар аналардан туған балаларға қатысты қандай шаралар қабылдайтынын әр медициналық ұйым өз бетінше шешеді. Қаулыда ол жайы айтылмаған. Сондықтан перзентханалар вирустан ада екенін дәлелдей алмаған аналардан баласын уақытша оқшаулайды. Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекованың хабарлауынша, Қазақстанда 21 нәресте анасынан коронавирус жұқтырып алды. Бақытына орай, бөбектердің барлығы КВИ-ден айығып шығыпты.

«Жалпы, пандемия басталғаннан бері елімізде коронавирустық инфекцияға шалдыққан 1 мың 85 жүкті ана тіркелді. Әзірге олардың 167-сі сап-сау бала туды. Тағы 21 сәбиге анасы коронавирустық инфекция жұқтырған. Бірақ олардың барлығы жазылды және ауруханадан шығарылды», – деді ДСМ басшысының орынбасары.

Қарапайым арифметикаға жүгінсек, 900-ге жуық сырқат ана әзірше босанған жоқ. Олардың нәрестесінің коронавирустен құтылар-құтылмасы белгісіз.