​ Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерді атады

0
358

Мемлекет басшысы биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінетінін атап өтті.


​ Тоқаев әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерді атады

ERNUR.KZ. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 76-сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйледі, деп жазады sputnik.kz.

Мемлекет басшысы өз сөзінде әлем бетпе-бет келіп отырған үш бірдей сын-қатерге назар аудартты. Олар: COVID-19 пандемиясынан кейін қайта қалыпқа келу, климат дағдарысы және Ауғанстандағы гуманитарлық жағдай.

"Экономикалық және әлеуметтік салдары әлі де ауыр болып отыр. Жұмыссыздық белең алып, миллиондаған адам күнкөріс табысынан айырылды. Қазіргі таңда 130 миллионнан астам адам кедейлікке тап болып отыр. Даму саласындағы ілгерілеуге кеткен талай жылдар құрдымға кетуі мүмкін", - деді Тоқаев.

Президент "біз барынша әділ, орнықты әрі гуманистік әлем қалыптастыруға міндеттіміз. Вакцинаға қолжетімділіктің жалпыға ортақ әрі әділ қағидасын қамтамасыз етуден бастау қажет. Бұл мәселені шешуде жаһандық этика мен ниеттестікті басшылыққа алған жөн" деп атап өтті.

Ол вакциналарға жаһандық қолжетімділікті барынша әрі тез кеңейтуді ұсынып, вакциналармен екіжақты негізде немесе COVAX жүйелері арасында бөлісуге дайын екенін жеткізді.

Ауғанстан жағдайына тоқталған мемлекет басшысы келіссөздер өткізу арқылы инклюзивті және сайланған жаңа үкімет құру жөніндегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің үндеуін құптайтынын айтты.

"Қазақстан Ауғанстанның болашақта өз ішінде бірлігі жарасқан және көршілерімен тату тұратын тәуелсіз әрі егемен мемлекет болғанын қалайды. Ауғанстан өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауды жалғастырып, ел аумағын террористер, есірткі тасымалдаушылар мен адам саудасымен айналысатындардың ошағына айналдырмауы тиіс. Өзіміздің саяси немесе жеке пікірлерімізге қарамастан, ауған халқының тағдырына бей-жай қарай алмаймыз. Ауғанстандағы ауыр гуманитарлық жағдайға баса мән беруіміз қажет. БҰҰ мекемелері мен басқа да гуманитарлық ұйымдарға жылдам, қауіпсіз әрі кедергісіз гуманитарлық қолжетімділік берілуі тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ Миссиясы және БҰҰ-ның Ауғанстандағы басқа да бөлімшелерін дер кезінде көшіріп алды. Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізу үшін тасымалдау алаңын ұсынуға және қомақты үлес қосуға дайын екеніміз туралы да айтты.

Президент БҰҰ-ның күн тәртібіндегі басқа да бірқатар маңызды мәселелерді көтеруге ниетті екенін, соның ішінде қарусыздау саласындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігін алға тартты. Қазақстан ядролық қаруы бар мемлекеттерді Біріккен Ұлттар Ұйымының 100 жылдығы қарсаңында, яғни 2045 жылға дейін ядролық қарудан толық бас тартуға үндейді.

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының мәліметіне сүйеніп, биыл 270 миллион адам азық-түлік тапшылығын сезінетінін атап өтті.

"Қазақстан – ірі бидай өндіруші және экспорттаушы ел. Сондай-ақ Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Оның төртінші Бас ассамблеясы өткен айда елордамызда өтті. Біз орнықты ауыл шаруашылығының жарқын болашағы үшін шетелдік инвесторларды өзімізге шақырамыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.