"Үйден кет деп қуа береді": жас келіншек өз анасының күн бермей жүргенін айтты

0
252

"Менің күйеуімнің тапқанын алып сіңліме апарып береді"


Сурет: www.psychologue.net

"Шақшадай басым шарадай болды деген осы шығар. Өмір сүруге құлшынысым да, халім де қалмаған сияқты.Туған анамнан осындай қарым-қатынас күтпеген едім. Қатты түңіліп отырмын" деп жылап қалды ERNUR.KZ порталының тілшісіне мұңын шаққан келіншек.


"Өз қызын өзі көре алмайтын, іштарлық танытатын ана бола ма, айтыңыздаршы? Анамның маған жасаған іс-әрекеттеріне қарап, осындай ой түйдім.

Әкем қайтқасын сіңлім тұрмысқа шығып кетті. Енді бойжеткен қыз ғой, өз бақытын табуы керек. Негізі бір әке-шешеден сіңлім екеуміз ғанамыз. Сондықтан анамды жалғыз қалдырмай, қолына барып тұрайық деп жолдасымды көндіріп, төркініме көшіп барған болатынбыз. Күнімізді көре алмағандықтан емес. Сіңлім жаңадан отбасын құрды, сол жерге сіңісіп кетсін, оны мазаламай-ақ қояйық дегенбіз. Бір жағынан, жолдасым екеуміздің табысымыз да бар шүкір, жерге қарап қалған жоқпыз.

Анамды аяп едім, ал ол мені аямайтын секілді. Азық-түлікті, әлеуметтік төлемдерді түгелімен өз мойнымызға алдық. Анам жұмыс істейді. Өзінің тапқанын өзіне жаратсын деп одан ештеңе сұрамаймыз.

Жолдасым жақсы жұмыс істейді. Ал сіңлімнің тұрмысқа шыққан жері өте нашар тұрады. Ата-енесі, жолдасы, сіңлім де жұмыссыз. Оларға да жаным ашиды ғой, әрине. Бірақ мен қай жағына жетемін, сіңлімнің отбасын асырауға міндетті емеспін ғой. Осыны анам түсінбейтін сияқты.

Сіңлім екеумізді салыстырады да отырады. Маған «Сен – құтырған қатынсың, не ішем, не кием демейсің» деп аузына келгенді айтады. Сіңлімді сол жерге мен әдейі тұрмысқа шығарғандай.

Басында көшіп келгенімізде мұншалықты сөйлемейтін. Біз өз үйімізді сатып жібергелі маған күн бермейді. Ол үйімізді де сатып, әке-шешемнен қалған үйге ие болып қалайын деген арам ой болмаған менде. Тек қана жолдасым «Ол үй бекерге бос тұр ғой, қазірше мал айналдыра тұрам. Ақшамызды жинай берейік. Сосын жақсы бір үй алармыз» деп үйді сатып, мал алып еді. Мен күйеуіме сенсем де, анам сенбеген шығар бәлкім. Неше түрлі оқиғаларды естіп алып, алдын алайын деп сақтанған түрі ме, білмеймін.

Енді күн-түн демейді, сәл нәрсеге ұрыс шығарып, үйден кет деп қуа береді. «Үйді босатыңдар, қараларыңды батырыңдар, жоғалыңдар» деп аузына келгенді айтады. Қазір екіншіме аяғым ауыр. Аяғы ауыр демейді, ашуланса қолына түскен затты лақтырады маған қарай.

«Сен арам қатынсың» деп небір жаман сөздерді айтады. Одан қалса ата-енеме қоңырау шалып, «Мынау мені сыйдырмайды, өз үйімде өзіме күн бермейді» деп өтірік еңкілдеп жылайды. Осы сөздерімен жолдасымның үй-ішіне жаман атты, қадірсіз қылып бітірді. Оларға барсам мені жақтырмай отырады ата-енем. «Өзіңнің туған анаң жаратпайды ғой сені» деп талай естідім енемнен, жолдасымнан.

Олар келсе де мені әлемдегі ең жаман адам етіп көрсеткісі кеп отырады. Ал сіңлімді мақтай береді, екі сөзінің біріне соны қыстырып отырады.

Әрине, қызғанғаным емес, сіңлімді жақсы көремін, анамның да оған жаны ашитынын жақсы түсінемін. Бірақ біреуін қорғаймын деп, екіншісін қорлауға болмайды ғой. Түнімен бір жарым жасар балама қараймын, қайта-қайта оянып, тосып шығамын. Жүктіліктен ұйқы жерік боп жүргенім де бар. Соның әсерінен күндіз кішкене ұйықтап алайын десем, сөйлеп есімді шығарады. «Буаз қатын, мен бе саған буаз бол деген?» деп анайы сөздерді айтып, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығады. Үйге туыстарымыз немесе енем келсе баланы жуындырып, тамағын беріп керім бола қалады. Кеткесін қайта өз қалпына түседі. Сондағы ойы мені өзіне расымен күн бермей жүргендей көрсету.

Өз ақшасы өзіне жетпейді. Өйткені, сіңлімнің кредитін төлеп отыр, соның баласына ай сайын сүт, памперсін әперіп отырады. Сосын кеп менен қоймай ақша сұрайды. Мен жұмыссызбын ғой, жолдасымнан алдыртады қарызға, сосын қайтармайды. 20-30 мыңдап алдыртады да, ақша керек болғанда сұрасақ «Бермеймін. Ал не істейсіңдер маған, бермеймін бәрібір» деп ұрыс шығарады. «Дәл қазір үйді босатыңдар» деп шығады сосын.

Пәтер жалдап бөлек шығайық десем жолдасым «Өзің тұра алмайсың ғой» деп ол шығады. Оның жұмысы 10 күн далада жүреді, 5 күн үйде. Сондықтан, қасыма серік болады ғой деп анамның қасына келіп едім. Ата-енем басқа қалада тұрады. Енді не істерімді білмей отырмын."